Тегеран әуежайы 58 күндік үзілістен кейін қайта ашылды
Таяу Шығыстағы шиеленіс салдарынан екі айға жуық жұмыс істемеген әуежайда коммерциялық рейстер қайта жанданып жатыр. Алайда өңірлік саясат бұл қалпына келу үдерісіне қалай әсер ететіні әзірге белгісіз.
Al Jazeera мәліметінше, рейстер шамамен екі айлық шектеуден кейін кезең-кезеңімен қайта іске қосылуда. АҚШ пен Израиль арасындағы әскери іс-қимылдарға байланысты тоқтап қалған әуе қатынасы 25 сәуірден бастап қайта жолға қойылды.
Қазіргі уақытта 8 жергілікті әуе компаниясы Ыстанбұл, Маскат, Мәдина қалаларына, сондай-ақ Қытай мен Ресейге – жалпы 15 бағыт бойынша рейстер орындап жатыр. Дегенмен ұшу қарқыны әлі соғысқа дейінгі деңгейге жеткен жоқ: бұған дейін әуежай тәулігіне орта есеппен 150 рейске қызмет көрсетсе, қазір бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен.
Иран азаматтық авиациясы мәліметіне сәйкес, қарулы қақтығыстар салдарынан ел 20 ұшағынан айырылған. Соған қарамастан инфрақұрылымның 95 пайызы жұмысқа жарамды күйде сақталған. Әуежай қалашығының басшысы Рамин Кошиф Озордың айтуынша, шетелдік әуе компанияларының Иран нарығына қайта оралуы тікелей өңірдегі саяси тұрақтылық пен қауіпсіздік кепілдіктеріне байланысты.
Мәлім болғандай, Иранның әуе кеңістігі 19 сәуірден бастап кезең-кезеңімен ашылған. Алдымен транзиттік рейстерге рұқсат беріліп, кейін ішкі қатынастар қалпына келтірілген, содан соң халықаралық рейстерге жол ашылған. Қазіргі таңда коммерциялық қызмет толық іске қосылып келеді.
Сонымен қатар Тегеран мен Вашингтон арасындағы сақталып отырған саяси шиеленіс шетелдік әуе тасымалдаушыларының шешімдеріне әлі де әсер етуде.