Израиль Газаға бағыт алған халықаралық гуманитарлық флотилияны тоқтатты
Газаға гуманитарлық көмек жеткізуге бағытталған халықаралық флотилия Жерорта теңізі аумағында Израиль әскери күштері тарапынан тоқтатылды.
Al Jazeera мәліметінше, халықаралық су аумағында қозғалып келе жатқан флотилияны Израильдің әскери-теңіз күштері дрондар мен әскери кемелердің көмегімен қоршауға алған. Соның салдарынан бірнеше кеме байланыстан ажырап қалған.
Хабарда айтылуынша, «Global Sumud Flotilla» атты халықаралық гуманитарлық флот құрамында түрлі елдерден келген еріктілер, дәрігерлер және адам құқықтарын қорғаушылар болған. Олардың басты мақсаты – Газа тұрғындарына аса қажетті көмек жеткізу болған.
Флотилия өкілдерінің айтуынша, Израиль әскери күштері кемелерге жақындап, тоқтауды талап еткен, кей жағдайларда қару қолдану қаупін де төндірген.
Ал Израиль тарапы бұл әрекетті қауіпсіздік шарасы ретінде түсіндіріп, флотилия Газаға жетпей тұрып тоқтатылғанын мәлімдеді. Ұйымдастырушылар болса, бұл жағдайды халықаралық суларда азаматтық кемелерге жасалған заңсыз араласу деп бағалап, гуманитарлық көмектің жеткізілуі тоқтатылғанын атап өтті.