Сенегал жағалауында мигранттар мінген қайық аударылып, бірнеше адам қаза тапты
Сенегал жағалауында ондаған мигрант мінген қайық аударылып кетті. Құтқару қызметтері аман қалғандарды іздестіріп жатыр.
Оқиға Дакар қаласының оңтүстігіндегі Йенне қалашығы маңында болған. Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, бортында кемінде 50 адам болған қайық мигранттарды жағадан шағын балықшы қайығымен үлкен ағаш кемеге көшіріп отырғызу кезінде жартасқа соғылған.
Коммерциялық емес ұйым өкілі Бубакар Сейенің айтуынша, бейсенбіге дейін төрт адамның мәйіті табылған.
Соңғы уақытта Батыс Африкадан Испанияның Канар аралдарына теңіз арқылы жетуге тырысқан мигранттар саны күрт артқан. БҰҰ-ның Босқындар жөніндегі жоғары комиссарының мәліметінше, қараша айының алғашқы 12 күнінде Канар аралдарына 8 мыңнан астам мигрант жеткен.
Ал осы аптаның өзінде Сенегал әскери-теңіз күштері 48 сағат ішінде ағаш қайықтармен Еуропаға бет алған 1 400-ден астам адамды құтқарып қалған.