Норвегияның энергетика компаниясы кибершабуылға ұшырады
Норвегияның энергетикалық «Equinor» компаниясы кибершабуылға ұшырады.
«Anadolu» агенттігінің жазуынша, Еуропадағы ірі табиғи газ жеткізушілерінің бірі саналатын компания шабуыл анықталған бойда тиісті мемлекеттік органдарға хабарлаған.
Компания мәлімдемесінде шабуылды тоқтату және зардап шеккен жүйелердің жұмысын толық қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылданып жатқаны айтылған. Алғашқы тексеру нәтижесінде деректердің ұрланғанына қатысты белгілер анықталмаған.
Мамандар кибершабуылдың қалай жасалғанын және қандай жүйелерге әсер еткенін анықтау бағытында белгілі бір нәтижелерге қол жеткізген. Сондай-ақ оқиғаның компьютерлік вирусқа қатысы жоқ екені және зиянды бағдарламалардың таралу қаупі жоқ екені хабарланған.
Кибершабуыл мұнай мен газ өндіру жұмысына әсер етпеген. Қазіргі уақытта ақпараттық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары Норвегияның ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірлесіп жүргізіліп жатыр.