Ресейде «Google» мен «Telegram» тыйым салынған контентті өшірмегені үшін айыппұл салынды
Мәскеудің Таганский аудандық соты Ресей Федерациясында таратуға тыйым салынған ақпаратты өшірмегені үшін «Google» және «Telegram» компанияларына айыппұл салды.
«Синьхуа» ақпарат агенттігінің мәліметіне сәйкес, «Google» Ресейде бұғатталған «Wheely» премиум трансфер қызметі туралы ақпаратты өшірмегені үшін екі әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы бойынша 7,6 миллион рубль көлемінде айыппұлға тартылды.
Ал «Telegram» мессенджеріне шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты өшірмегені үшін үш хаттама негізінде жалпы сомасы 11,4 миллион рубль айыппұл салынды.
Бұдан бөлек, «Apple» компаниясының Ирландиядағы бөлімшесіне де тыйым салынған контентке байланысты 3,5 миллион рубль көлемінде айыппұл салынған.
Айта кетейік, Ресей заңнамасын бұзғаны үшін уақытында төленбеген айыппұлдарды қоса есептегенде, «Telegram» компаниясының жалпы берешегі 38 миллион рубльден асқан.