Қытайда тайфун салдарынан 2,6 миллион адам эвакуацияланды
Қытайдың шығыс өңіріне соққан «Бави» тайфунына байланысты ел билігі ауқымды эвакуация жүргізіп, табиғи апатқа қарсы қауіпсіздік шараларын күшейтті.
«Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, Чжэцзян провинциясында 2,68 миллион адам қауіпсіз аймақтарға көшіріліп, 19 мыңнан астам уақытша паналау орны ашылды.
Мәліметке сәйкес, биылғы жылдың тоғызыншы тайфуны саналатын «Бави» 11 шілде күні кешке Чжэцзян провинциясының жағалауына екі рет соққан. Тайфунның орталығындағы желдің жылдамдығы секундына 40 метрге жеткен. Қазір табиғи құбылыс елдің ішкі аймақтарына қарай жылжып, біртіндеп әлсіреп бара жатқаны айтылған.
Соңғы 24 сағат ішінде провинция аумағының шамамен 42 пайызында 50 миллиметрден астам жауын-шашын түскен. Мамандар нөсер жауын салдарынан су тасқыны, көшкін және қалаларды су басу қаупінің жоғары екенін ескертті.
Тайфун жағалауға жеткенге дейін жергілікті билік мектептер мен оқу орындарындағы сабақтарды тоқтатып, 830 құрылыс алаңының, 400-ден астам туристік нысанның және 200-ден астам ойын-сауық орнының жұмысын уақытша шектеді.