Президент Нөкіс қаласынжағы техникумның қызметімен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев Нөкіс қаласындағы №1 техникумның жұмысымен танысты.
Елімізде кәсіптік білім беру жүйесі реформаланып, жастарды заманауи мамандықтарға оқытуға, ішкі және халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Мемлекет басшысының биылғы 17 шілдедегі «Республикада халықаралық білім стандарттары негізінде орта арнаулы, кәсіптік және жоғары білім беру бағдарламаларын енгізудің қосымша шаралары туралы» қаулысына сәйкес, бұл техникумда Ұлыбританияның «Pearson BTEC» халықаралық білім беру бағдарламасы енгізілді.
Әлемнің 70 елінде қолданылатын бұл бағдарлама Өзбекстанда алғаш рет осы техникумда жолға қойылды. Оның басты ерекшелігі – теориялық білімді практикалық дағдылармен ұштастыру. Осы мақсатта білім беру стандарттарына сай заманауи оқу шеберханалары мен цифрлық зертханалар құрылды.

Жобаның жалпы құны 11,9 миллиард сумды құрайды, оның 2 миллиард сумын серіктестер бөлді. Нәтижесінде 240 орындық заманауи шеберханалар жасақталды. Техникумда жалпы 1 203 оқушы білім алуда.
Мекеме 4 гектар аумақта орналасқан, ғимараттары мен құрылыстарының жалпы аумағы 4,6 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда дуалды білім беруді жолға қойып, өңір экономикасының жетекші салаларына қажетті мамандар даярлау көзделген. Халықаралық бағдарламаны тәмамдағандарға 70-тен астам мемлекетте танылатын диплом беріледі.

Жеке серіктес Салохутдин Илёсовтың қатысуымен «spin-off» білім беру бағдарламасы да іске қосылды. Оның аясында 136 оқушы еңбек нарығында сұранысқа ие заманауи мамандықтарды меңгеруде. Негізгі пәндер ағылшын тілінде оқытылып, оқу-әдістемелік материалдар да осы тілде ұсынылады. Бұл оқушылардың кәсіби білімімен қатар, салалық тілдік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Практикалық даярлықтың нәтижесінде түлектердің шетелде жұмыс істеу мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Биыл техникумда дәнекерлеу мамандығы бойынша білім алған 25 жұмыссыз азамат Эстонияға жұмысқа жіберілді. Олар айына 3 мың еуроға дейін жалақы алады.

Сонымен қатар, құрылып жатқан құны 40 миллион доллар болатын индустриялық аймаққа қажетті мамандарды осы техникумда даярлау жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Бұл білім беруді өндіріспен ұштастырып, түлектерді жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы техникумда жасалған жағдайлармен танысты. Халықаралық еңбек нарығында білікті мамандарға сұраныс артып келе жатқаны атап өтіліп, оқу үдерісін жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сай ұйымдастыру жөнінде тапсырмалар берілді.