Нөкісте жергілікті базальттан заманауи құрылыс материалдары өндіріледі
Президент Шавкат Мирзиёев Нөкіс қаласындағы «Nukus Insulation Group» кәсіпорнының жұмысымен танысты.
Кәсіпорында жергілікті базальт шикізатынан заманауи жылу оқшаулағыш материалдар өндіріледі.
Қарақалпақстанның бай табиғи ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған бұл жоба өңірде құрылыс материалдары өнеркәсібін дамытуға қызмет етіп отыр.
Жоба Мемлекет басшысының 2024 жылғы 9 ақпандағы «Қарақалпақстан Республикасын кешенді әлеуметтік-экономикалық дамыту және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етудің қосымша шаралары туралы» қаулысы негізінде жүзеге асырылды.
Жалпы құны 50 миллион доллар болатын кәсіпорынға Еуропада өндірілген заманауи құрал-жабдықтар орнатылған. Олар жергілікті шикізаттан халықаралық стандарттарға сай өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Кәсіпорын жылына 300 миллиард сум болатын 50 мың тонна жылу оқшаулағыш материал өндіруге қауқарлы. Мұнда 150 жаңа жұмыс орны ашылған.
Базальт негізіндегі оқшаулағыш материалдар отқа төзімділігі, жылуды сақтау қасиеті және ұзақ қызмет етуімен ерекшеленеді. Оларды құрылыста пайдалану ғимараттар мен нысандардың энергия тиімділігін арттырып, жылыту мен салқындату шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы өндіріс барысымен және өнімдермен танысып, кәсіпорын ұжымымен әңгімелесті.
Сол жерде Қарақалпақстан аудандарына бекітілген облыс әкімдері өткен кезеңде атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берді.
Президент облыстардың қолдауымен осы аудандарды дамыту және абаттандыру жұмыстарын одан әрі кеңейту қажеттігін атап өтті. Өңірлер арасындағы байланыстар мен өндірістік кооперацияны нығайтып, қолда бар мүмкіндіктерді бірлесіп пайдалану арқылы халықты жұмыспен қамтуға және табысын арттыруға бағытталған жобаларды көбейту маңызды екені айтылды.