Өзбекстанда күн панельдерін сынақтан өткізетін зертхана ашылады
Өзбекстан мен Корея Республикасы арасындағы техникалық реттеу саласындағы ынтымақтастық аясында Ташкент облысының «Піскент» ауданында күн панельдерін сынақтан өткізетін зертхана құрылады.
Бұл туралы Техникалық реттеу агенттігі директорының бірінші орынбасары Лазизбек Саидорипов пен Кореяның сәйкестікті бағалау зертханасының (KCL) президенті Чон Ён Гиль арасындағы кездесуде белгілі болды.
Кездесуде екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың тұрақты дамып келе жатқаны жайлы сөз айтылды. Атап айтқанда, 2017–2025 жылдары Өзбекстан мен Корея Республикасы арасындағы тауар айналымы 1,4 миллиард доллардан 1,7 миллиард долларға дейін өскен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Корея Республикасы Өзбекстанның сыртқы сауда айналымында бесінші орынға ие болды.

Тараптар алдағы жылдары өзара сауда көлемін 4 миллиард долларға жеткізуді мақсат етіп отыр. Осыған байланысты техникалық реттеу және өнім сапасын бағалау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту маңызды бағыттардың бірі ретінде белгіленді.
Кездесу барысында Кореяның Стандарттар және технологиялар агенттігі (KATS), Сәйкестікті бағалау зертханасы (KCL), Сынақ зертханасы (KTL), Сынақ және сертификаттау институты (KTC), Сынақ және ғылыми-зерттеу институты (KOTITI), сондай-ақ Ұлттық метрология институты (KRISS) сияқты мамандандырылған ұйымдармен Өзбекстанда жолға қойылған ынтымақтастық байланыстары да талқыланды.


Сонымен қатар Піскент ауданында құны 8 миллион АҚШ долларын құрайтын күн панельдерін сынақтан өткізу зертханасын құруға бағытталған гранттық жобаны жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Кездесу соңында жобаны іске асыру жөніндегі тиісті құжатқа қол қойылды. Бұл жоба Өзбекстанда күн панельдерінің сапасын сынақтан өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге, заманауи зертханалық инфрақұрылымды дамытуға және осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.