Өзбекстан делегациясы Қытайдағы мұнай өңдеу зауытының жұмысымен танысты
Өзбекстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып, өнеркәсіп пен энергетика салаларындағы байланыстар нығайып келеді. Қазіргі таңда, тараптар өзара тәжірибе алмасуға және озық технологияларды өндіріске енгізуге айрықша мән беріп отыр.
Осы ынтымақтастық аясында «Узбекнефтгаз» АҚ, Бұхара мұнай өңдеу зауыты және «UNG Overseas» өкілдерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Чжаньцзян қаласында орналасқан мұнай өңдеу зауытының жұмысымен танысты.
Сапар барысында делегация мүшелері кәсіпорындағы өндірістік үдерістерді, заманауи технологиялық жабдықтарды пайдалану тәсілдерін, өндірістік қуаттарды басқару және өнім сапасын қамтамасыз ету әдістерін зерделеді. Сондай-ақ энергия тиімділігін арттыруға, ресурстарды ұтымды пайдалануға және өндіріс үдерістерін тұрақты ұйымдастыруға ерекше назар аударылды.

Кездесулерде екі елдің мамандары мұнай өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту, өндіріс тиімділігін арттыру және заманауи технологиялық шешімдерді тәжірибеге енгізу жөнінде пікір алмасты. Қытай тәжірибесін жергілікті кәсіпорындардың жұмысына енгізу мүмкіндіктері де талқыланды.
«Узбекнефтгаз» баспасөз қызметінің мәліметінше, зерделенген тәжірибе Бұхара мұнай өңдеу зауытының технологиялық әлеуетін арттыруға, өндірістік үдерістерді жетілдіруге және жоғары сапалы мұнай өнімдерін өндіруді дамытуға ықпал етеді.