Өзбекстанда екі IT-хаб пен 14 цифрлық білім беру орталығы ашылады
Өзбекстанда жастардың заманауи мамандықтарды меңгеруіне, ақпараттық технологиялар саласындағы білімі мен дағдыларын дамытуына және лайықты жұмысқа орналасуына жаңа мүмкіндіктер жасалып келеді. Бұл ретте халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, өңірлердегі цифрлық білім беру инфрақұрылымын нығайту және жастардың IT саласындағы әлеуетін жүзеге асыру маңызды рөл атқарады.
Цифрлық технологиялар министрлігінің хабарлауынша, осыған орай Корея халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (KOICA) бірлесіп жүзеге асырылатын жоба аясында алғашқы практикалық жұмыстар қолға алынды.
Цифрлық технологиялар министрінің орынбасары Рустам Каримжонов KOICA сарапшыларының делегациясымен кездесу өткізді. Жиында сарапшылардың Қарақалпақстан Республикасы мен Қашқадария облысына сапары барысында жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижелері талқыланды.
Атап айтқанда, Нөкіс пен Қаршы қалаларында ашу жоспарланған екі IT-хабқа, сондай-ақ өңірлердегі 14 цифрлық білім беру орталығына бөлінген ғимараттар мен жер учаскелерінің жай-күйі зерделенді. Олардың орналасуы, техникалық мүмкіндіктері және заманауи стандарттарға сай жабдықталуы жөніндегі сарапшылардың есебі қаралды.
Кездесуде жобаның түпкілікті жұмыс жоспары мен оны жүзеге асыру мерзімдері де келісілді. Сонымен қатар өңірлердегі жастарды халықаралық стандарттарға сай IT-біліммен қамту, олардың кәсіби әлеуетін арттыру және жоғары табысты жұмыс орындарына орналасуына жәрдемдесу тетіктеріне ерекше назар аударылды.
Айта кетейік, 2026–2032 жылдарға арналған бұл жоба өңірлердегі цифрлық білім беру инфрақұрылымын дамытуға, жастардың стартаптары мен кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталған.