Өзбекстан БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту рейтингінде 32-орынға көтерілді
«Өзбекстан – 2030» стратегиясында елімізді Біріккен Ұлттар Ұйымының Электронды үкіметті дамыту индексі (UN EGDI) бойынша әлемдегі ең озық 30 мемлекеттің қатарына қосу негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленген.
Осыған орай электронды үкімет жүйесін жетілдіру, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және цифрлық мемлекеттік қызметтер аясын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Өзбекстан БҰҰ-ның 2026 жылғы Электронды үкіметті дамыту жөніндегі зерттеуінде 194 елдің арасында 32-орынға ие болды. Сонымен қатар еліміз алғаш рет ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген мемлекеттер қатарына, яғни «Very High EGDI» тобына енді.
Айта кетерлігі, Өзбекстан 2020 жылмен салыстырғанда рейтингтегі орнын 55 сатыға, ал 2024 жылғы көрсеткішімен салыстырғанда 31 сатыға жақсартып, 32-орынға көтерілді.
Өзбекстанның Электронды үкіметті дамыту индексі (EGDI) 0,8930 балды құрады. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 0,7999 болған еді. Зерттеу барысында Өзбекстанның онлайн мемлекеттік қызметтері (OSI) 0,8885, телекоммуникациялық инфрақұрылымы (TII) 0,9213 және адами капиталы (HCI) 0,8692 балмен бағаланды.
Сонымен қатар азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу көрсеткіші (PE) 0,8276 балды құраған.
Баяндамада Өзбекстанның цифрлық трансформация саласындағы тәжірибесі, соның ішінде жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы дамытуға бағытталған бастамалары да оң үлгі ретінде атап өтілді. Атап айтқанда, Жасанды интеллект және цифрлық экономиканы дамыту орталығының пилоттық жобалары, мемлекеттік және жеке секторға жасанды интеллект технологияларын енгізу, ғылыми ынтымақтастық пен осы саладағы байқаулар жоғары бағаланып отыр.