Өзбекстан мен Оман «жасыл» энергетика саласында жаңа келісімге қол қойды
Өзбекстан мен Оман арасындағы инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру, өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру жөніндегі бастамалар энергетика саласында да жалғасын табуда.
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтің екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге айрықша көңіл бөлуінің нәтижесінде осы бағытта жаңа жобалар қолға алынып отыр.
Солардың бірі – Ферғана облысында қуаты 500 МВт болатын күн фотоэлектр станциясын салу жобасы. Оны бірлесіп дамыту туралы Өзбекстан Республикасы Энергетика министрлігі, Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігі, Оманның «Voltamp Energy SAOG» компаниясы және жергілікті «UET Construction» компаниясы арасында келісімге қол қойды.
Құжатқа сәйкес жобаны бірлесіп әзірлеу, оны жүзеге асыруға қажетті дайындық жұмыстарын жүргізу және инвестициялық үдерістерді үйлестіру көзделген. Құрылыс жұмыстарына 350 миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Жаңа станция іске қосылғанда жылына 1 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіруге мүмкіндік туады. Сонымен қатар жыл сайын 250 миллион текше метр табиғи газ үнемделеді деп күтілуде. Бұл электр энергиясын өндіруде баламалы энергия көздерінің үлесін арттырып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашады.
Қазіргі уақытта «Voltamp Energy SAOG» компаниясының мамандары болашақ станция салынатын аумақты зерттеп, жобаның техникалық және қаржылық тетіктерін әзірлеуде. Дайындық жұмыстары қысқа мерзімде аяқталып, жоба бойынша коммерциялық ұсыныс беру жоспарланған.
Сонымен қатар Оман компаниясының Өзбекстандағы қызметі күн энергетикасы жобасымен шектелмейді. Ынтымақтастық аясында электротехника өнеркәсібінде жаңа өндіріс орындарын ашу жөнінде де келісімдерге қол жеткізілді.
Атап айтқанда, «Voltamp» компаниясы «Texnokabel Group» компаниясымен бірлесіп, трансформаторларға арналған арнайы өткізгіштер өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, «Nura Group» компаниясымен Ташкент облысының Ахангаран ауданында жоғары кернеулі трансформаторлар шығаруға маманданған жаңа зауыт салу жөнінде келісім жасалды.
Энергетика министрлігінің ақпарат қызметі хабарлағандай, бұл бастамалар Өзбекстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, энергетикалық инфрақұрылымды нығайтуға және электротехникалық өнім өндірісін жергіліктендіру үдерісін жеделдетуге бағытталған.