Өзбекстан халқының саны 39,5 миллионнан асты
Өзбекстан Республикасының халқының саны жыл сайын тұрақты түрде өсіп келеді.
Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша Өзбекстанның тұрақты халқы 39 миллион 535 мың 225 адамды құрады. Бұл дерек аясында халық санағының нәтижелері де ескерілген.
Атап өтілгендей, халық саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 692,2 мың адамға немесе 1,8 пайызға өскен.
Өңірлер арасында халқы ең көп аймақ – Самарқанд облысы. Мұнда 4 миллион 462 мың 783 адам тұрады. Одан кейін 4 миллион 293 мың 1 тұрғыны бар Ферғана облысы және 3 миллион 799 мың 43 адам тұратын Ташкент облысы орналасқан.
Сондай-ақ Қашқадария облысында 3 миллион 746 мың 228, Әндіжан облысында 3 миллион 574 мың 464, ал Ташкент қаласында 3 миллион 278 мың 512 адам тұрады.
Наманган облысының халқы 3 миллион 190 мың 767 адамды, Сұрхандария облысының халқы 3 миллион 30 мың 30 адамды құрайды.
Қарақалпақстан Республикасында 2 миллион 166 мың 44, Хорезм облысында 2 миллион 162 мың 68, Бұхара облысында 2 миллион 125 мың 129 адам күн кешеді.
Халқы салыстырмалы түрде аз өңірлер қатарында Жызақ облысы (1 миллион 545 мың 176 адам), Науаи облысы (1 миллион 196 мың 559 адам) және Сырдария облысы (965 мың 421 адам) бар.
Осылайша, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Өзбекстанның тұрақты халқы 39,5 миллионнан асып, елдегі халық санының өсу үрдісі сақталып отыр.