Өзбекстан мен Швеция еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде
Стокгольм қаласында Өзбекстан мен Швеция арасындағы еңбек ұтқырлығы жөніндегі пилоттық ынтымақтастық жобасы аясында бірлескен басқару комитетінің алғашқы отырысы өтті.
Жиынға екі елдің көші-қон мекемелері мен дипломатиялық өкілдіктерінің, сондай-ақ Халықаралық көші-қон ұйымының өкілдері қатысты.
Кездесуде Швеция еңбек нарығының сұранысына сай Өзбекстан азаматтарын жұмысқа тартуға болатын бағыттар талқыланды. Атап айтқанда, ауыл және орман шаруашылығындағы, туризм саласындағы маусымдық жұмыстар, дәнекерлеу және құрылыс саласының жекелеген мамандықтары бойынша білікті кадрлар даярлау, сондай-ақ медицина қызметкерлерін оқытып, жұмысқа орналастыру мәселелері қаралды.
Өзбекстан тарапы жобаны нақты іске асыру кезеңіне көшіру жөнінде бірқатар ұсыныс білдірді. Атап айтқанда, Көші-қон агенттігінің директоры Мухсинхужа Абдурахмонов сұранысқа ие 4–5 басым мамандықты анықтап, Швеция жұмыс берушілерінің нақты қажеттіліктеріне қарай үміткерлерді іріктеуді, олардың кәсіби біліктілігі мен тіл даярлығын қамтамасыз етуді ұсынды.
Сондай-ақ қажет болған жағдайда шетелдік нұсқаушыларды тарту және жұмыс берушілердің қатысуымен біліктілік сынақтарын өткізу мәселесіне назар аударды.
Медицина қызметкерлерін даярлау бойынша бөлек тәсіл ұсынылды. Атап айтқанда, Швецияның Сёрмланд өңірінің тәжірибесіне сүйене отырып, үміткерлерді алдымен швед тілінен B2 деңгейіне дейін оқытып, кейін Швецияда қосымша білім беру арқылы сертификаттау үшін қажетті C1 деңгейіне жеткізу мүмкіндіктері қарастырылды.
Көші-қон агенттігінің мәліметінше, Халықаралық көші-қон ұйымының өкілдері де жобаны жүзеге асыруға атсалысуға дайын екенін білдірді.
Отырыста Швеция жұмыс берушілерімен тікелей ынтымақтастық орнату, 2027 жылдың басында екі елдің рекрутингтік компанияларының кездесуін ұйымдастыру және алғашқы үміткерлер тобын даярлау мәселелері де талқыланды.