Өзбекстан Президенті Ресей делегациясын қабылдады
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 7 қазан күні Өзбекстан – Ресей Үкіметаралық комиссиясы мен Өңірлер кеңесінің кезекті отырыстарына қатысу үшін елімізде сапармен жүрген Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Денис Мантуров бастаған делегацияны қабылдады.
Сұхбат басында жоғары мәртебелі мейман Мемлекет басшысына Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.

Жоғары деңгейдегі кездесулердің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы күні кеше өткен Үкіметаралық комиссия отырысы мен Өңірлер кеңесінің үшінші отырысының нәтижелі болғанын құптады.

Өзара сауда көлемінің тұрақты өсіп келе жатқаны, өнеркәсіп, энергетика, металлургия, бейбіт атом және басқа да салаларда кооперациялық жобалардың ілгерілетіліп жатқаны атап өтілді.
Тауар айналымын одан әрі ұлғайтуға, индустриялық аймақтар аясындағы бірлескен жобаларды жеделдетуге бағытталған өзара үйлестірілген шараларды қабылдау, сондай-ақ өңірлер мен бизнес деңгейіндегі белсенді диалогты жалғастыру маңызды екені айтылды.