ТМД сыртқы істер министрлері Түркіменстанда бас қосты
Бүгін Түркіменстанның «Аваза» ұлттық туристік аймағында ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Бұл туралы Өзбекстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы Бахтиёр Саидов өзінің Telegram-арнасында хабарлады.

– Шағын және кеңейтілген форматта өткен кездесулер барысында әріптестерімізбен халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, сондай-ақ ТМД аясындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалары жөнінде жан-жақты пікір алмастық. ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына дайындық мәселелерін егжей-тегжейлі талқыладық, – деп жазды ол өз парақшасында.

Жиындар барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, тиімді көлік және логистика тізбектерін қалыптастыру, гуманитарлық және жастар алмасуын жандандыру, цифрлық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ заманауи қауіпсіздік қатерлеріне бірлесіп қарсы тұру жөнінде бірқатар бастама мен ұсыныс енгізілгені атап өтілген.