Өзбекстан Президенті Қазақстан Сыртқы істер министрін қабылдады
Самарқанд қаласында «C5+1» форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуі аясында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіні қабылдады.
Кездесу басында мәртебелі мейман Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.

Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы достық, тату көршілік, стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды.

Президент Әкімшіліктері, парламенттер, үкіметтер, өңірлер мен іскер топтар арасындағы белсенді байланыстарға жоғары баға берілді.
Тауар айналымы тұрақты өсіп келеді. Өнеркәсіп, көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы, құрылыс және экология салаларында маңызды кооперациялық жобалар жүзеге асырылуда. Мәдени-гуманитарлық алмасу да жолға қойылған.

Жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру және келесі жылға арналған іс-шаралар жоспарын қалыптастыру маңызды екені атап өтілді.
Сқхбат барысында, өңірлік маңызы бар өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасылды.