Өзбекстан, Оман және Иран сыртқы істер министрлері Маскатта келіссөз жүргізді
Маскат қаласында Өзбекстан сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов, Оман Сұлтандығының сыртқы істер министрі Сайид Бадр бен Хамад әл-Бусаиди және Иран Ислам Республикасының сыртқы істер министрі Аббас Арагчи арасында үшжақты кездесу өтті.
Бұл туралы Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Кездесуде тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, көлік-логистика байланыстарын нығайту және үш елдің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану мүмкіндіктерін талқылады.
Сондай-ақ министрлер өңірдегі өзекті ахуал жөнінде пікір алмасты. Қалыптасқан шиеленісті дипломатиялық жолмен реттеу және мемлекеттер арасындағы сындарлы диалогты жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Келіссөздер соңында практикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету, қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалану, өңірде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау және орнықты дамуды қамтамасыз ету жолындағы бірлескен күш-жігерді үйлестіру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.