Өзбекстан мен Оман бизнес форумы өтті
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Өзбекстан – Оман бизнес форумының ашылу рәсіміне қатысты.
Жиынға Оман Сұлтандығы Премьер-министрінің орынбасары Зеязин бен Хайсам Әл Саид, екі ел үкіметтерінің мүшелері, жетекші компаниялар, қаржы институттары мен іскер топтардың өкілдері қатысты.


Мемлекет басшысы өз сөзінде Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидпен өткен жоғары деңгейдегі келіссөздер мен қол жеткізілген уағдаластықтар екіжақты қарым-қатынасты сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Биыл екі ел арасындағы тауар айналымы айтарлықтай өскенімен, экономикалық әлеует әлі толық пайдаланылмай отырғаны атап өтілді. Осыған байланысты жақын перспективада өзара сауда көлемін 1 миллиард долларға жеткізу көзделіп отырғаны айтылды.


Сапар аясында жалпы құны 5 миллиард доллар болатын нақты жобалар портфелі қалыптастырылды. Президентіміз келісімдердің санынан гөрі, олардың нақты нәтижесі маңызды екенін айрықша атап өтті.
Осыған орай өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика, заманауи қала құрылысы мен туризм, минералдық ресурстарды игеру, сондай-ақ қаржы және цифрлық технологиялар салалары ынтымақтастықтың бес негізгі бағыты ретінде ұсынылды.


Атап айтқанда, электротехника саласында Оман компанияларымен бірлесіп кабель және трансформатор өнімдерін өндіру, сондай-ақ оларды көршілес елдерге экспорттау жөнінде келісімдерге қол жеткізілгені айтылды.
Көлік-логистика бағытында Оманның теңіз порттары мен Өзбекстанның Орталық Азиядағы стратегиялық мүмкіндіктерін ұштастырудың маңызы атап өтілді. Осы ретте Сохар қаласында логистикалық инфрақұрылым салу, бірыңғай сауда-логистика платформасын құру, әуе қатынасын кеңейту және жүк тасымалы рейстерін ашу ұсынылды.
Оман инвесторларының Жаңа Ташкент жобасына қатысуы жоғары бағаланды. Жаңа қалада бой көтеретін «Маскат» шағынауданы екі халықтың достығының жарқын символына айналатынына сенім білдірілді.

Химия өнеркәсібі, геологиялық барлау және минералдық ресурстарды терең өңдеу салаларында бірлескен инвестициялық жобалар әзірленгені атап өтілді.
Қаржы және цифрлық технологиялар бағытындағы практикалық ынтымақтастық та кеңейіп келеді. Атап айтқанда, жасанды серіктерді ұшыру жөніндегі бірлескен кәсіпорын құру жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Оман кәсіпкерлерін Өзбекстандағы келешегі зор жобаларға белсенді қатысуға шақырып, әрбір инвестор үшін қолайлы әрі сенімді орта қалыптастыруға, бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.


Өз кезегінде Оман тарапы елде кәсіпкерлік пен шетелдік инвестицияларға жасалған кең мүмкіндіктерді жоғары бағалап, өзбекстандық компанияларды Оман нарығына белсенді шығуға шақырды.
Форум екі ел арасындағы экономикалық және инвестициялық әріптестікті жаңа нақты жобалармен толықтыруға ықпал ететініне сенім білдірілді.