Өзбекстан мен Оман екіжақты ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерді
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид Маскат қаласындағы «Әл-Аълам» сарайында шағын құрамда және ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді.
Кездесу басында Мемлекет басшымыз жылы қабылдау мен көрсетілген жоғары құрмет үшін Сұлтанға алғыс айтып, Оман басшысы мен достас ел халқын жақындап келе жатқан ұлттық мереке – Оманның Ұлттық күнімен құттықтады.

Келіссөздер барысында екі ел арасындағы достық пен көпжақты байланыстарды одан әрі дамыту, ынтымақтастықты сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеру мәселелері талқыланды.

Саяси диалог пен ведомствоаралық алмасулардың жандана түскені, тауар айналымы мен инвестиция көлемінің тұрақты өсіп келе жатқаны атап өтілді.

Жоғары деңгейдегі сапар қарсаңында Маскатта Үкіметаралық комиссияның алтыншы отырысы, сондай-ақ бірқатар іскерлік және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Биыл шілде айынан бастап екі ел астанасы арасында тікелей әуе рейстерінің ашылуы жоғары бағаланды.

Тараптар сауда, инвестиция, көлік-логистика, энергетика, электротехника, химия, тау-кен өнеркәсібі, қала құрылысы, туризм, ауыл шаруашылығы, ғарыштық зерттеулер және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты дамытуды басым бағыттар ретінде айқындады.

Бірлескен жобаларды ілгерілету мақсатында Өзбекстан – Оман инвестициялық компаниясының жарғылық капиталын екі есеге арттырып, 500 миллион долларға жеткізуге ерекше назар аударылды.
Оман қаражатының қатысуымен құрылған Орталық Азия мен Кавказ инвестициялық қорының жұмысын қысқа мерзімде жолға қоюдың маңыздылығы атап өтілді.
Мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту үшін мәдениет пен өнер апталықтарын өткізу, жастар форумын ұйымдастыру, бірегей қолжазбаларды цифрландыру және бірлесіп зерттеу, ежелгі қалалар арасында бауырластық байланыс орнату жөніндегі ұсыныстар қолдау тапты.
Кездесу барысында тараптар халықаралық және өңірлік маңызы бар өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Қосылмау қозғалысы, «Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері – Орталық Азия» форматы және басқа да беделді құрылымдар аясында өзара қолдауды жалғастырудың маңыздылығы айтылды.
Екі ел басшысы Өзбекстан мен Оман арасындағы дәстүрлі достық пен өзара сенімге негізделген қарым-қатынастарды стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру жөнінде тарихи шешім қабылдады.
Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын қамтамасыз ету үшін «жол картасын» қабылдау және Үйлестіру кеңесінің жұмысын жолға қою жөнінде келісімге келді.
Келіссөздер соңында Өзбекстан Президенті Оман Сұлтанын елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды.