Орталық банк жанынан Исламдық қаржы кеңесі құрылды
Өзбекстан Орталық банкі жанынан исламдық қаржы саласын дамыту, оның құқықтық және институционалдық негіздерін нығайту мақсатында Исламдық қаржы кеңесі құрылды.
Аталған кеңес исламдық банк қызметтерін көрсететін банктердің, исламдық қаржыландыру қызметтерін жүзеге асыратын микроқаржы ұйымдарының, Салымдарға кепілдік беру агенттігінің және Орталық банктің қадағалауындағы өзге де ұйымдардың қызметін үйлестіретін алқалы орган ретінде жұмыс істейді.
Кеңес құрамына ислам құқығы саласында терең білімі мен тәжірибесі бар мамандар және техникалық сарапшылардан тұратын 5 мүше енген. Жаңа құрылым исламдық қаржы жүйесін халықаралық стандарттар негізінде дамытуға, салада бірыңғай тәсілді қалыптастыруға және оны тиімді тәжірибеге енгізуге ықпал етеді.
Кеңестің негізгі міндеттерінің бірі – халықаралық тәжірибені, соның ішінде исламдық қаржы жөніндегі халықаралық стандарттарды және ұлттық заңнама талаптарын ескере отырып, исламдық қаржы стандарттарының жобаларын әзірлеу.
Сонымен қатар кеңес Орталық банкке исламдық қаржы қызметін реттеу және қадағалау мәселелері бойынша қорытындылар мен ұсынымдар береді, нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге қатысады, сондай-ақ салада туындайтын даулы мәселелер бойынша түсіндірмелер ұсынады.
Сондай-ақ банктер мен микроқаржы ұйымдарына исламдық қаржы қызметтерін ұйымдастыру бойынша ұсынымдар беріп, олармен тұрақты консультациялық кездесулер өткізеді.
Кеңес AAOIFI (Исламдық қаржы институттары үшін бухгалтерлік есеп және аудит ұйымы) отырыстарына Орталық банк атынан қатысып, қажет болған жағдайда ұйым әзірлейтін құжат жобаларына қатысты ұсыныстар мен пікірлер білдіреді. Бұдан бөлек, кеңес жыл сайын Орталық банк басқармасына өз қызметі туралы жылдық есеп тапсырады.
Бұл кеңестің құрылуы елде исламдық қаржы қызметтерін халықаралық талаптарға сай дамытуға, инвесторлардың сенімін арттыруға және халық пен кәсіпкерлер үшін баламалы қаржылық қызметтердің аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.