Орталық банк мобилді қосымшаларының қауіпсіздігін күшейтті
Бүгінде банк қызметтерінің цифрлануы неғұрлым халыққа көптеген қолайлылық әкелгенімен, соғұрлым кибералаяқтық қаупін де арттырып отыр. Осыған байланысты қашықтан қаржылық қызмет көрсету кезінде пайдаланушылардың жеке деректерін, банк карталары мен қаражатын қорғауға қойылатын талаптар күшейтілуде.
Өзбекстан Орталық банк басқармасының 2026 жылғы 3 тамыздағы шешімімен жеке тұлғаларға қашықтан қаржылық қызмет көрсету кезінде ақпараттық және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ алаяқтықтың алдын алуға бағытталған талаптарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Құжат Әділет министрлігінде 14 тамызда мемлекеттік тіркеуден өтіп, 2026 жылғы 16 қарашадан бастап күшіне енеді.
Жаңа талаптарға сәйкес, мобильді қосымшаға тіркелу кезінде пайдаланушының ЖСН-і оның телефон нөмірі иесінің ЖСН-імен сәйкестігі тексеріледі. Деректер сәйкес келмеген жағдайда пайдаланушыны тіркеуге немесе банк картасын мобильді қосымшаға байланыстыруға жол берілмейді. Бұл туралы дер кезінде пайдаланушыға SMS арқылы хабарланады. Алайда жақын туысына рәсімделген телефон нөмірін пайдалану жағдайлары бұған жатпайды. Дегенмен, туыстық қатынас расталған жағдайда тіркелуге мүмкіндік беріледі.
Сонымен қатар мобильді қосымшада жаңа пайдаланушыны тіркеу кезінде қашықтан биометриялық сәйкестендіруден өту талабы енгізілді. Қолданыстағы аккаунттың құпиясөзін қалпына келтіру немесе оған басқа құрылғыдан кіру де биометриялық сәйкестендіру арқылы жүзеге асырылады.
Маңызды өзгерістердің бірі – мұндай жағдайда аккаунтқа байланыстырылған барлық банк карталары автоматты түрде белсенді емес күйге ауыстырылады. Карталарды қайта іске қосу OTP-код арқылы расталуы тиіс. Бұл механизм бөгде адамның аккаунтқа кіріп кеткен жағдайында қаражатты басқа шоттарға жедел аударып жіберу қаупін азайтуға бағытталған.
Жаңа тәртіпте P2P, яғни картадан картаға ақша аударымдарына қатысты да маңызды өзгерістер қарастырылған. Несие және төлем ұйымдары растауды талап етпейтін P2P аударымдарына ең жоғары лимит белгілеуге міндетті. Белгіленген сомадан асатын операциялар міндетті түрде OTP-код немесе балама аутентификация әдісі арқылы расталады. Сонымен бірге веб-сайттар арқылы P2P аударымдарын жасауға толық тыйым салынады.
Тағы бір маңызды талап – растауды қажет етпейтін аударымдарға байланысты алаяқтық жағдайларындағы жауапкершіліктің қаржы ұйымдарына жүктелуі. Бұл банк пен төлем ұйымдарын ықтимал тәуекелдерді мұқият бағалауға ынталандырады.
Жаңа талаптарға сәйкес, мобильді қосымша арқылы пайдаланушы негізінен өзіне тиесілі банк шоты мен банк картасын байланыстырып, P2P операцияларын жүзеге асыра алады. Жақын туыстарға қатысты жағдайлар бұған кірмейді. Бұл талап банк карталарын иесінен басқа адамдардың пайдалануын және алаяқтық схемаларда «делдал» карталарды қолдану қаупін азайтуға бағытталған.
Банк және төлем ұйымдары мобильді қосымша арқылы жасалатын әрбір қаржылық операция алдында пайдаланушыға ескерту хабарламасын көрсетуге міндетті. Бұл клиентке операцияны өзі жасап отырғанына және алаяқтардың араласуы жоқ екеніне тағы бір мәрте көз жеткізуге мүмкіндік береді.
Егер пайдаланушының құрылғысынан зиянды бағдарлама анықталса немесе смартфонның қашықтан басқарылып жатқан белгілері байқалса, ұйым бұл туралы PUSH және SMS хабарламалары арқылы дереу ескертуі тиіс.
Мобильді қосымшаларда банк картасы иесінің аты-жөні, сондай-ақ ақша аударымдарына қатысатын карта иелерінің жеке деректері ішінара жасырылған түрде көрсетіледі. Бұл жеке мәліметтерді қорғауға және оларды алаяқтық мақсатта пайдалану қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Жаңа талаптарды банк қызметтерінің қарапайым техникалық жаңаруы деп бағалауға болмайды. Олардың негізгі мақсаты – цифрлық банк қызметтерін пайдалану кезінде «қолайлылық пен қауіпсіздік» арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету. Әсіресе биометриялық сәйкестендіру, құрылғы ауысқан кезде карталарды автоматты түрде бұғаттау, P2P операцияларын шектеу және зиянды бағдарламалар анықталған жағдайда ескерту тетіктері азаматтардың қаражатын қорғауда маңызды рөл атқарады.
Бұған дейін қолданыста болған №3759 ережеде де онлайн несиеге байланысты алаяқтық жағдайларына қарсы бірқатар кепілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, егер азамат алаяқтық салдарынан өз атына онлайн несие рәсімделгені бойынша жәбірленуші деп танылса, несие ұйымы қарызды және оған есептелген пайыздарды өндіріп алуды тоқтатады.
Жалпы, жаңа талаптар Өзбекстанда цифрлық қаржылық қызметтер нарығы дамыған сайын киберқауіпсіздік пен тұтынушыларды қаржылық алаяқтықтан қорғау тетіктері де қатар күшейіп келе жатқанын көрсетеді.