Мемлекет басшысы халықтың табысын арттыру жұмыстарын жаңа кезеңге шығаруды тапсырды
Президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен 3 қыркүйекте кедейлікті қысқарту және халықтың табысын арттыру жөніндегі жұмыстарды жаңа кезеңге шығару мәселелеріне арналған видеоселектор жиыны өтті.
Кейінгі жылдары республикада кедейлікті қысқарту, халықты тұрақты табыс көздерімен қамтамасыз ету және махалла деңгейінде экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Осы мақсатта өңірлерге кең өкілеттіктер, қаржылық ресурстар мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктер беріліп, әрбір отбасымен атаулы жұмыс жүргізу жүйесі жолға қойылды.
Нәтижесінде жыл басында 5,8 пайыз болған кедейлік деңгейі бүгінде 3,9 пайызға дейін төмендеді. Әлеуметтік жағдайы төмен халық саны 2 миллион 200 мыңнан 1,5 миллион адамға дейін азайды. Жұмысы дұрыс ұйымдастырылған 49 аудан мен 3 429 махалла жұмыссыздық пен кедейліктен ада аумаққа айналып келеді.
Сонымен бірге өңірлер бойынша нәтижелердің бірдей еместігі атап өтілді.
Соңғы үш жылда махаллалардағы кәсіпкерлік жобаларға 314 триллион сум көлемінде ресурс бөлінді. Алайда бірдей көлемде қаржы алған өңірлерде кедейлікті қысқарту тиімділігі айтарлықтай ерекшеленетіні талдау барысында анықталды.

Мәселен, Шараф Рашидов және Қаршы аудандарына 2 триллион 300 миллиард сумнан несие ресурсы бөлінген. Шараф Рашидов ауданында осы қаражат есебінен 30 мың тұрғын кедейліктен шығарылса, Қаршы ауданында 13 мың мұқтаж адамның жағдайы жақсарған.
Осыған байланысты несие бөлудің өзі түпкілікті нәтиже ретінде қаралмайтыны, әрбір жоба қанша тұрақты жұмыс орнын ашқаны және қанша отбасының тұрақты табыс көзіне ие болғаны бойынша бағаланатыны белгіленді.
Жиында жергілікті жерлерде нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіріп отырған факторлар да талданды. Атап айтқанда, әкім көмекшілері мен махалла банкирлерінің барлығы бірдей бизнес-жобаларды әзірлеу, қаржылық құралдарды дұрыс таңдау және кәсіпкермен оның идеясынан бастап дайын бизнеске дейін жұмыс істеу дағдысына ие еместігі атап өтілді.
Соңғы бір жылда өңірлерде құрылған 86 мың шағын кәсіпорынның 15 мыңы қызметін тоқтатқан. Банктен несие алып, кәсібін күткендей жолға қоя алмаған 62 мың азамат несиені қайтаруда қиындық көріп отыр.
Осыған байланысты халық пен кәсіпкерлерге тек қаржылық ресурс ұсынумен шектелмей, нарық, технология, мамандық, бизнес-жоспар және өткізу тізбегін қамтитын кешенді шешімдер ұсыну қажеттігі айтылды.

Бұл ретте Хорезм облысында жүргізілген зерттеу жұмыстары мысал ретінде келтірілді. Президент тапсырмасына сәйкес, экономикалық кешен басшылары екі апта ішінде облыстағы кедей 81 мың тұрғынның, яғни 19 мың отбасының жағдайын зерделеді. Осы отбасыларда 12 мың жұмыссыз және табысы төмен 10 мың тұрғын бары анықталды.
Қазіргі таңда Хорезмдегі кәсіпкерлер құрылыс саласына 4 мың, қызмет көрсету саласына 3 мың және өнеркәсіпке 2,5 мың жұмысшы іздеп отыр. Қолда бар бос жұмыс орындары мен кәсіптік даярлау мүмкіндіктерін өзара байланыстыру арқылы кедей отбасылардағы 10–15 мың адамның табысын арттыруға болатыны атап өтілді.
Сондай-ақ зерттелген әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларда 48 мың бала бар екені, оларды қазірден бастап кәсіпке және заманауи дағдыларға бағыттаудың маңыздылығы айтылды. Жастар көшбасшыларына, әкімдердің көмекшілері мен әйелдер белсенділеріне мектептерде, техникумдарда және оқу орталықтарында осындай отбасылардың балалары үшін қосымша үйірмелер ұйымдастыру міндеті жүктелді.
Хорезмдегі кедей отбасыларда 10 мыңнан астам әйел бала тәрбиесімен айналысады. Осыған байланысты бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға үйде немесе махалланың өзінде табыс әкелетін еңбекпен айналысу мүмкіндіктерін кеңейту, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту арқылы олардың еңбек нарығына қайта оралуына жағдай жасау қажеттігі атап өтілді.
Хорезм мысалында жүргізілген талдаулардың барлық өңірлерге ортақ екені айтылып, кедейлікпен жұмыс істеудің мүлде жаңа жүйесі енгізілетіні белгіленді.

Енді әрбір облыс пен ауданда әкімнің басшылығымен арнайы штабтар құрылады. Банктер, жұмыспен қамту органдары және экономикалық кешеннің басқа да ұйымдары осы штабтармен бірлесіп, халықты жұмыспен қамту және олардың табысын арттыру мәселелерін жергілікті жерде шешеді.
Облыс, аудан және қала әкімдері экономикалық кешенмен бірлесіп, аптаның үш күнін тікелей кедейлік пен жұмыспен қамту мәселелеріне арнайды.
Жаңа жүйенің ең маңызды ерекшелігі – қаржылық ресурстар мен шешім қабылдау өкілеттіктерінің басым бөлігін аудан деңгейіне беру. Отбасылық және жастар кәсіпкерлігіне арналған жеңілдетілген несие ресурстарын басқару құзыреті аудандық штабтарға беріледі.
Қазір отбасылық кәсіпкерлікке 1 триллион 370 миллиард сум, жастар кәсіпкерлігіне 450 миллиард сум көлемінде ресурс бар. Аудандық штабтар жергілікті жағдай мен жобаның ерекшелігіне қарай кімге қанша несие беру, оның мерзімі мен төлем кестесін бизнес түріне бейімдеу мәселелерін шешетін болады.
Несие, лизинг, факторинг, кепілдік, сақтандыру, айналым қаражаты және басқа да қаржылық құралдар кәсіпкерлік жобаның ерекшелігіне қарай қолданылады. Егіншілік, сауда, қызмет көрсету және басқа бағыттарда табыстың қалыптасу мерзімі әртүрлі болғандықтан, қаржыландыру шарттары да соған сәйкес болуы керектігі атап өтілді.

Кооперацияға негізделген жобаларға қосымша мүмкіндіктер жасалады. Егер жетекші кәсіпкер 10 отбасымен кооперация орнатса, 500 миллион сумға дейін, ал 100 отбасымен ынтымақтастық жолға қойса, 5 миллиард сумға дейін кепілсіз несие ала алады.
Несие тарихында мерзімі өткен берешегі бар мұқтаж азаматтардың бастамалары да жеке бағаланады. Перспективалы жобаларды жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру мүмкіндігі жасалады.
Кедейлікті қысқарту қорындағы 240 миллиард сум, Жұмыспен қамту қорындағы 100 миллиард сум және үш «дәптердегі» 760 миллиард сум аудандық штабтардың қарауына беріледі. Кәсіпкерлік компаниясының өтемақыларға жыл соңына дейін қарастырылған 300 миллиард сум көлеміндегі ресурсы да штабтар арқылы бағытталады.
Осылайша, аудандардың қарауына жалпы 3 триллион 200 миллиард сум көлемінде ресурс беріліп, қаражаттың нақты нәтиже беруі негізгі өлшем ретінде белгіленеді.
Қаржыландыру тетіктерін экономикадағы жедел өзгерістерге бейімдеу үшін де жаңа тәсіл енгізіледі. Экономика және қаржы министрлігі мен Орталық банк өңірлердің әлеуетін, бизнес ортаны және нарық сұранысын ескере отырып, несие, субсидия және өтемақы беру тетіктерін әр тоқсан сайын жетілдіріп отырады.
Сонымен қатар махаллада жұмыс істейтін әкім көмекшілері мен банкирлердің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. 8 992 махаллада қызмет ететін әкім көмекшілерінің жұмысы нәтижелілік пен бастамашылдық өлшемдері негізінде қайта бағаланады.

Екі ай ішінде арнайы оқу орталығы құрылып, оған шетелден мамандар тартылады. Әкім көмекшілері мен махалла банкирлері жоба әзірлеу, бизнес-модельді есептеу, қаржыландыру құралдарын таңдау және кәсіпкерлермен жұмыс істеу бағытында оқытылады. Үздік нәтиже көрсеткен мамандарды Қытай, Жапония және Түркияда біліктілігін арттыруға жіберу, сондай-ақ үлгілі қызметкерлерді қосымша ынталандыру шаралары белгіленді.
Жиында кәсіпкерлік инфрақұрылымды дамыту жүйесі де қаралды. Енді аудандар кәсіпкерлік инфрақұрылым жобаларының тікелей тапсырыс берушісіне айналып, қажетті қаражат жергілікті жерлерге тікелей бағытталады. Аудандық штабтарға жобалау, құрылыс және сапаны бақылау жұмыстарын жеке секторға беру құқығы да беріледі.
Кедейлікті қысқартуда әлеуметтік қорғау тетіктері де жаңа тәсіл негізінде жетілдіріледі. Ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігіне жыл соңына дейін мұқтаж азаматтарды Әлеуметтік тізілімге енгізу критерийлерін қайта қарау тапсырылды.

Бұл ретте тек отбасының табысы ғана емес, созылмалы ауру, мүгедектік, көпбалалы жағдай, отбасы мүшелерінің шетелде жұмыс істеуі және басқа да әлеуметтік факторлар ескерілетін көпөлшемді бағалау жүйесіне көшу көзделген.
Ел бойынша кедейлік деңгейі 3,9 пайызға дейін төмендегенімен, үш жасқа дейінгі баласы бар отбасылар арасында бұл көрсеткіш орта есеппен 6,5 пайызды құрайды. Осыған байланысты бала тәрбиесімен айналысып отырған ата-аналарды үй жағдайында немесе өз махалласының аумағында жұмыспен және тұрақты табыс көзімен қамтамасыз ететін жүйе енгізіледі.
Әлеуметтік тізілімдегі жұмыс істейтін аналарға баласы бір жасқа толғанға дейін Әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы төленеді. Ал еңбекке жарамсыз мұқтаж отбасылар үшін тұрақты табыс көзін қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік пакеттер тәжірибесі жалғасады. Биыл осы мақсаттарға 300 миллиард сум бөлініп, мұндай көмек алған 11 мың отбасының шамамен жартысында табыс айтарлықтай артқаны атап өтілді.
Келер жылдан бастап Әлеуметтік тізілімге енгізілген отбасылардың балаларына мемлекеттік және жекеменшік балабақша төлемі, оқу орталықтарында білім алу шығындары, жолақысы, сондай-ақ жоғары оқу орындары жатақханасының ақысы ваучер негізінде өтеледі. Ваучер 12 ай мерзімге беріледі және отбасы Әлеуметтік тізілімнен шығарылғаннан кейін де белгіленген мерзім аяқталғанға дейін өз күшінде болады.
Жиында өңір басшыларына жыл соңына дейін 350 мың адамды тұрақты жұмыспен қамту, тағы 1 миллион адамның табысын арттыру және 230 мың отбасын кедейліктен шығару міндеті қойылды.
Әрбір бағыт бойынша нақты тетіктер мен іс-қимыл алгоритмін әзірлеу, жауапты тұлғаларды махалла деңгейіне дейін бекіту тапсырылды. Кедейлікті қысқарту бағытында мол тәжірибе жинақтаған елдердің, соның ішінде Қытайдың тәжірибесі негізінде халықпен тікелей жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған нақты нұсқаулықтар дайындалады.
Жаңа жүйеде негізгі жауапкершілік пен ресурстар жергілікті жерлерге беріледі. Махалладағы әрбір мүмкіндікті жұмыс орны мен табыс көзіне айналдыру, әрбір мұқтаж отбасымен оның жағдайы мен әлеуетіне қарай жеке жұмыс істеу басты міндет болмақ.
Жиын соңында жауапты тұлғалар мен өңір басшыларының баяндамалары тыңдалып, белгіленген міндеттерді жүйелі әрі нәтижелі ұйымдастыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.