Ислам Каримовты еске алу рәсімі өтті
2 қыркүйек күні Ташкент қаласында Өзбекстан Республикасының Тұңғыш Президенті Ислам Каримовты еске алу рәсімі өтті.
Президент Шавкат Мирзиёев Ислам Каримов атындағы ғылыми-ағартушылық мемориалдық кешенге барып, Тұңғыш Президенттің ескерткішіне гүл шоғын қойды.


Ислам Каримов еліміз тарихындағы аса күрделі әрі жауапты кезеңде Өзбекстанға басшылық етті. Оның есімі тәуелсіздікке қол жеткізу, ұлттық мемлекеттілікті қалпына келтіру және елдің дербес даму жолына түсуімен тығыз байланысты.
Тәуелсіздік, ең алдымен, халқымызға абыройы мен мәртебесін, қасиетті дінін, ана тілін және ұмытыла бастаған ұлттық құндылықтарын қайтарды.


Егемендік арқасында біз өз болмысымызды танып, есімі әрдайым құрметпен аталатын ата-бабаларымыздың лайықты ұрпағы екенімізді бүкіл әлемге таныта алдық.
Осы тұрғыдан алғанда, тәуелсіздігіміздің негізін қалауға, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосқан тұлғалардың есімін ұлықтау – маңызды рухани құндылық.


Президент Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен Тұңғыш Президенттің есімін мәңгі есте қалдыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Ташкентте Ислам Каримов атындағы ғылыми-ағартушылық мемориалдық кешен құрылды.
Самарқандқа сапарлар барысында оның кесенесіне зиярат ету де игі дәстүрге айналды.


Еске алу рәсімінде Құран оқылып, дұға жасалды. Ислам Каримовтың еліміз тәуелсіздігін нығайту, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы еңбегі еске алынды.


Олий Мажлис палаталарының, Президент Әкімшілігінің, Министрлер кабинетінің, министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, зиялы қауым және Ташкент қаласының жұртшылығы да Тұңғыш Президенттің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Еске алу шаралары Самарқанд пен Қаршы қалаларында да өтті.



