Өзбекстан Президентінің Қырғызстанға жұмыс сапары аяқталды
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің Бішкек қаласына жұмыс сапары аяқталды.
Сапардың басты оқиғасы – Мемлекет басшысының Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің мерейтойлық отырысына қатысуы болды. Жиында ШЫҰ-ның 25 жылдық даму жолы сараланып, ұйым аясындағы өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтудың басым бағыттары айқындалды.

Президент өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету, көлік байланыстарын кеңейту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту, сондай-ақ азық-түлік, су және энергетикалық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған бірқатар бастама ұсынды. Жиын қорытындысында Бішкек декларациясы қабылданып, негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге арналған маңызды құжаттар топтамасына қол қойылды.

Сонымен қатар Өзбекстан басшысы әділетті әрі көпполярлы әлемдік тәртіпті қалыптастырудағы БҰҰ-ның рөліне арналған «ШЫҰ плюс» форматындағы кездесуде сөз сөйледі. Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық деңгейдегі негізгі әрі үйлестіруші рөлін сақтаудың маңызын атап өтіп, «ШЫҰ плюс» форматын өңіраралық диалогтың тиімді алаңына айналдыруды ұсынды.
Саммит аясында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен, Ресей Президенті Владимир Путинмен және Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен келіссөздер жүргізілді. Бұдан бөлек, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен және АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Сержио Гормен кездесулер өтті.

Бішкекте Мемлекет басшысы жұбайымен бірге VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Іс-шаралар аяқталған соң «Манас» халықаралық әуежайында Өзбекстан Президенті мен жұбайын Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Қасымалиев және басқа да ресми тұлғалар шығарып салды.
Мемлекет басшысы Ташкентке қайтып оралды.