Жапония шетелдіктер үшін виза құнын бес есеге арттырады
Жапония 1 шілдеден бастап шетел азаматтарына арналған виза рәсімдеу құнын бес есеге көтереді.
Жаңа тарифтерге сәйкес, бір реттік визаның құны 3 мың иенадан (шамамен 19 АҚШ доллары) 15 мың иенаға (шамамен 93 АҚШ доллары) дейін өседі. Ал көп мәртелік виза үшін төлем 6 мың иенадан (38 доллар) 30 мың иенаға (шамамен 186 доллар) дейін қымбаттайды.
Жапонияның сыртқы істер министрі Тосимицу Мотеги қолданыстағы виза алымдары 1978 жылдан бері өзгермегенін атап өтті. Оның айтуынша, тарифтерді қайта қарауға инфляция деңгейінің өсуі мен валюта бағамдарының өзгеруі себеп болған.
Министрдің мәлімдеуінше, бұл шешім түрлі экономикалық факторларды ескере отырып қабылданған. Сонымен қатар жаңа тарифтердің елдегі туризм саласына айтарлықтай кері әсер етпейтіні күтілуде.