Францияда аптап ыстыққа байланысты ең жоғары деңгейдегі қауіп жарияланды
Францияның бірқатар өңірінде ауа температурасы 42 градусқа дейін көтеріледі деп күтілуде. Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері аптап ыстықтың күшею ықтималдығы жоғары. Осыған байланысты Францияның ұлттық білім министрі Эдуар Жеффре 845 мектептің уақытша жабылатынын мәлімдеді.
Météo-France хабарлауынша, Францияның 96 департаментінің 49-ында ең жоғары – қызыл деңгейдегі метеорологиялық қауіп жарияланды.
Метеорологтардың айтуынша, ел тарихында бір мезетте осыншама көп департаментте қызыл деңгейдегі ескерту алғаш рет жарияланып отыр. Кейбір аймақтарда ауа температурасы 42 градусқа дейін жетуі мүмкін.
Синоптиктердің мәліметінше, аптап ыстық келесі аптада да жалғасып, тіпті одан әрі күшеюі ықтимал.
Сонымен қатар, 40 департаментте қауіптің бір саты төмен деңгейі – қызғылт сары, ал тағы 7 департаментте сары деңгейдегі ескерту енгізілді.
Бұған дейін Эдуар Жеффре жоғары температураға байланысты 845 мектептің уақытша жабылатынын хабарлаған болатын. Сондай-ақ тағы 1,8 мың білім беру мекемесінде сабақ кестесі өзгертіліп, оқушылар түске дейін ғана білім алады.
Мамандар тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында сыртқа көп шықпауға, жеткілікті мөлшерде су ішуге және егде жастағы адамдар мен балалардың денсаулығына ерекше көңіл бөлуге кеңес беріп отыр.