Нигерде әуежайға жасалған шабуыл салдарынан 13 адам қаза тапты
Нигер астанасы Ниамейдегі Диори Амани атындағы халықаралық әуежайна жасалған шабуыл салдарынан 11 әскери қызметкер мен екі бейбіт тұрғын қаза тапты.
Бұл туралы Нигер Қорғаныс министрлігі мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, қарулы топ өкілдері әуежай аумағына басып кіруге әрекет жасаған.
Қауіпсіздік күштерінің жедел әрекетінің арқасында шабуылдаушылар терминал ғимаратына жетпей тұрып залалсыздандырылған.
Шабуыл салдарынан 11 әскери қызметкер мен екі азаматтық тұлға көз жұмды. Сонымен қатар, 22 шабуылдаушының көзі жойылып, тағы 20-ға жуық күдікті ұсталған.
Қорғаныс министрлігі әуежайдағы қауіпсіздік толық қамтамасыз етілгенін және әуе айлағы қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті.
Оқиға алдында Ниамей қаласындағы Диори Амани атындағы халықаралық әуежай маңынан қарқынды атыс дауыстары естілген.
Айта кетейік, бұл әуежай бұған дейін де қарулы шабуылдың нысанасына айналған. Биылғы 28–29 қаңтар күндері қарулы адамдар автокөліктер мен мотоциклдер арқылы әуежай кешенінің аумағына кіріп, Нигердің қауіпсіздік күштері мен әскери-әуе күштерінің техникасына шабуыл жасаған болатын.