Индонезияда жанартау атқылауынан туристер қаза тапты
8 мамыр күні таңертең Индонезиядағы Дуконо жанартауы атқылауы салдарынан үш турист қаза тапты.
BBC мәліметіне сәйкес, Индонезияның жанартауларды зерттеу орталығы 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап туристер мен альпинистерге Дуконо тауы кратерінен 4 шақырым радиуста жүрмеуді ескерткен. Себебі бұл аймақта жанартаудың атқылауы, күл мен тастардың ұшып шығу қаупі жоғары болған. Алайда ескертулерге қарамастан, саяхатшылар 1335 метр биіктіктегі тауға көтерілуді жалғастырған.
Құтқарушылар атқылаудан кейін хабар-ошарсыз кеткен 20 адамнан тұратын туристік топтың тірі қалғандарының барлығын тапқан. Көпшілігі таудан эвакуацияланғанымен, қаза тапқандардың денесін іздестіру үшін екі құтқарушы сол жерде қалған. Солтүстік Хальмахера полициясының басшысы Эрлихсон Пасарибуның айтуынша, қайғылы оқиға туралы ақпаратты туристермен бірге болған адамдар жеткізген.
Индонезияның табиғи апаттарды басқару жөніндегі ұлттық агенттігі кемінде бес адамның жарақат алғанын мәлімдеді. Ресми деректерге сүйенсек, Дуконо жанартауының атқылауы кезінде күл бағаны шамамен 10 шақырым биіктікке көтерілген. Жергілікті билік өкілдерінің хабарлауынша, қаза тапқандардың арасында екі сингапурлық турист бар.