АҚШ Конгресінде «Өзбекстан күні» өтті
Өзбекстанның Вашингтондағы елшілігі АҚШ Конгресінде Өзбекстанмен ынтымақтастық жөніндегі кокустың мүшелерімен бірлесіп, екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға және өзара әріптестікті кеңейтуге бағытталған «Өзбекстан күні» атты арнайы іс-шара ұйымдастырды.
Жиынға Олий Мажлис Сенаты төрағасының бірінші орынбасары Содиқ Сафоев бастаған Өзбекстан парламенттік делегациясы, АҚШ-тың Республикалық және Демократиялық партияларының өкілдері, сенаторлар мен конгрессмендер, Өзбекстанмен ынтымақтастық жөніндегі кокус пен Орталық Азия кокусының тең төрағалары, америкалық жетекші компаниялардың өкілдері, дипломатиялық және сарапшылық орта мүшелері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Содиқ Сафоев жиын барысында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің іс-шараға қатысушыларға арнаған жолдауын оқып берді.

Жолдауда Жаңа Өзбекстанда қолға алынған ауқымды реформалардың қайтымсыз сипат алғанына тоқталып, АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту елдің сыртқы саясатындағы маңызды бағыттардың бірі екені атап өтілді. Сонымен қатар жоғары деңгейде қалыптасқан тұрақты әрі тығыз диалог екіжақты қарым-қатынастардың дамуына тың серпін беріп, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашып отырғаны айтылды.

Өзбекстанмен ынтымақтастық жөніндегі кокустың тең төрағасы, конгрессмен Трент Келли Президент Шавкат Мирзиёевке АҚШ Конгресінде өткен «Өзбекстан күні» қатысушыларына арнаған жолдауы үшін алғыс білдірді. Ал Орталық Азия кокусының тең төрағасы, сенатор Стив Дейнс Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан жаңару үдерісі мен ауқымды реформаларға жоғары баға беріп, елдегі өзгерістерге қолдау білдірді.
Іс-шара америкалық заң шығарушылар, іскерлік орта өкілдері мен сарапшылардың Өзбекстанмен байланыстарды тереңдетуге, өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа бағыттар бойынша өрістетуге деген қызығушылығы жоғары екенін тағы бір мәрте айқындады.