Самарқанда Бүкіләлемдік түркі тілдері күні жарияланды
Көне өркениеттер бесігі саналатын Самарқанда тарихи шешім қабылданды. Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры ұйымдастырған салтанатты жиында ЮНЕСКО 15 желтоқсанды – Бүкіләлемдік түркі тілдері күні деп жариялау туралы шешім қабылданды.
Бұл маңызды құжат Самарқандта өтіп жатқан ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясында бір ауыздан мақұлданды. Аталған бастама Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Қазақстан және Қырғызстан мемлекеттерінің, сондай-ақ ЮНЕСКО-ға мүше тағы 26 елдің қолдауымен жүзеге асты.
Таңдалған күннің тарихи мәні ерекше. Себебі дәл осы күні, 1893 жылдың 15 желтоқсанында, даниялық әйгілі ғалым Вильгельм Томсен адамзат тарихында тұңғыш рет көне түркі жазуының кілтін ашып, Орхон жазбаларының әліпбиін оқи алған болатын. Бұл жаңалық түркі өркениетінің терең тамырын, бай рухани мұрасын әлемге паш еткен оқиға еді.
ЮНЕСКО қабылдаған қарарда түркі тілдерінің қазіргі таңда 200 миллионнан астам адамның ана тілі екені және олардың шамамен 12 миллион шаршы километрге жуық кең аумақта таралғаны атап көрсетілді.
Бүкіләлемдік түркі тілдері күнінің жариялануы — тіл мен мәдени көптүрлілікті сақтау және дамыту, мәдениетаралық өзара түсіністік пен диалогты тереңдету, сондай-ақ түркі халықтарының бай ауызша және жазба мұрасын ұрпаққа аман жеткізуге бағытталған тарихи қадам болып отыр.
Самарқандтағы сессия аясында Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры арнайы мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Онда ЮНЕСКО жанындағы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің тұрақты өкілдері, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпус мүшелері, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ шетелдік БАҚ өкілдері қатысты.
Бұл шешім түркі әлемінің мәдени бірлігін айшықтап, тіл мен рухани мұраны сақтау жолындағы ынтымақтастықтың жаңа дәуірін бастап берді. Бүкіләлемдік түркі тілдері күні енді жыл сайын ұлт пен ұрпақ сабақтастығын дәріптейтін, бауырлас халықтардың рухани байланысын күшейтетін мерейлі күнге айналмақ.