Өзбекстанда Әзербайжан мәдениеті күндері өтеді
30 қараша мен 7 желтоқсан аралығында Ташкент пен Самарқанд қалаларында Әзербайжан мәдениеті күндері ұйымдастырылады.
Өзбекстан Мәдениет министрлігі ұйымдастыратын бұл шаралар Бірінші түркология құрылтайының 100 жылдығына арналады.
«АзерТАДЖ» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, жоба бауырлас халықтың тарихи, мәдени және әдеби мұрасын кеңінен насихаттауға, сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Бағдарламаға муғам, классикалық музыка, джаз, театр, кино және заманауи бейнелеу өнері сияқты түрлі бағыттар қамтылған. Әйелдердің мәдениет пен қоғамдық ойдың дамуына қосқан үлесіне де ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, ХХ ғасырдың басында өмір сүрген әзербайжандық ағартушы әйелдердің ғылыми мұрасы мен бүгінгі суретші әйелдердің туындылары көпшілік назарына ұсынылады.
Сонымен қатар мәдениет күндері аясында «Мәдениет және шығармашылық апталығы» да өтеді.
Шараларға қатысу үшін Өзбекстанға Әзербайжанның мәдениет саласындағы 200-ден астам өкілінен құралған делегация келеді. Олардың қатарында музыканттар, актерлер, жазушылар, суретшілер және басқа да шығармашылық иелері бар.