Өзбекстан мүфтиі «Пәтуа саласындағы жоғары еңбегі үшін» халықаралық сыйлығымен марапатталды
Мысыр Араб Республикасының астанасы Каир қаласында өтіп жатқан халықаралық конференцияның салтанатты ашылу рәсімінде Өзбекстан мұсылмандары басқармасының төрағасы, мүфти Шейх Нуриддин Холиқназар беделді марапат – Имам Қарафий атындағы «Пәтуа саласындағы жоғары еңбегі үшін» халықаралық сыйлығымен марапатталды.
Жоғары марапатты Мысыр Араб Республикасының Бас мүфтиі, Дүниежүзілік пәтуа басқармалары мен кеңестерінің Бас хатшылығының төрағасы, профессор Назир Мұхаммед Айяд, Мысырдың Уақыптар министрі, доктор Усама әл-Азһари және Халықаралық ислам фиқһы академиясының Бас хатшысы, доктор Құтб Мұстафа Санно салтанатты түрде табыстады.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлегендер Өзбекстанда діни-ағартушылық бағытта жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларға жоғары баға берді. Бұл марапат Шейх Нуриддин Холиқназардың Ислам дінінің ағартушылық құндылықтарын кеңінен насихаттау, ғылыми зерттеулерді қолдау және заманауи пәтуа қызметін жаңа деңгейге көтеру жолындағы ерен еңбегінің лайықты бағасы екені атап өтілді.
Іс-шара барысында түрлі елдерден келген 500-ден астам конференция қатысушысына Өзбекстандағы діни-ағартушылық саладағы реформалар мен мүфти хазіреттің жан-жақты қызметіне арналған арнайы бейнеролик көрсетілді. Онда Өзбекстанның ежелден ұлы өркениеттер бесігі әрі Ислам мәдениетінің маңызды орталығы болғаны, соңғы жылдары мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жаңғыру үдерістері, соның ішінде Пәтуа орталығының іске қосылуы және діни байсалдылықты насихаттау бағытындағы бастамалар кеңінен баяндалды.


Айта кетейік, Дүниежүзілік пәтуа басқармалары мен кеңестерінің Бас хатшылығы тағайындаған бұл сыйлық ұлы фақиһ Имам Шиһабуддин әл-Қарафийдің (1228–1285) құрметіне аталған. Ол Ислам үмбетінде байсалдылық қағидаттарын ілгерілетуге, ұжымдық ижтихадты дамытуға және заманауи мәселелерге шариғат негізінде шешімдер әзірлеуге елеулі үлес қосқан көрнекті ғалымдарға табысталады.
Шейх Нуриддин Холиқназар бұған дейін де Өзбекстанның «Жоғары дәрежелі Имам Бұхари» орденімен, сондай-ақ бірқатар шет мемлекеттер мен халықаралық діни ұйымдардың беделді ордендері мен медальдарымен марапатталған.