Өзбекстан мен Канада университеттері білім беру ісін жаңа белеске көтермек
Өзбекстан мен Канада арасындағы білім беру саласындағы әріптестікті нығайтып, халықаралық академиялық байланыстарды өрістету – тараптар үшін стратегиялық маңызы бар басым бағыттың бірі.
Осы орайда Мамандандырылған білім беру мекемелері агенттігінде Канаданың беделді жоғары оқу орындарының өкілдерімен келелі кездесу өтті. Екіжақты диалогқа агенттік директоры Севара Шакирова, «Saint Mary’s University» өкілі Мэй Зай, «Simon Fraser University» өкілі Дина Томпсон және «York University» өкілі Сунера Али қатысты.
Келіссөздер барысында агенттікке қарасты Президент мектептері мен мамандандырылған білім ордалары түлектерінің Канада университеттеріне түсу мүмкіндігін кеңейту, жеңілдетілген қабылдау шарттарын белгілеу және арнайы білім гранттарын бөлу сияқты маңызды мәселелер жан-жақты талқыланды.
Сондай-ақ екі ел оқушылары үшін жазғы лагерьлер ұйымдастыру, өзара сапарлар мен танымдық алмасу бағдарламаларын жолға қою жайы да назардан тыс қалмады.
Бұдан бөлек, жиында мектеп кеңесшілері мен STEM бағытындағы пән мұғалімдерінің халықаралық стандарттарға сай біліктілігін арттыруға арналған арнайы тренингтер ұйымдастыру жөнінде салмақты ұсыныстар айтылды.
Кездесу соңында тараптар үш жетекші университетпен де өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою арқылы ресми серіктестікті орнықтыруға келісті.
Бұл бірлескен бастамалар агенттік жүйесіндегі жастардың әлемдік деңгейде білім алуына кең жол ашып, шетелдік жоғары оқу орындарымен байланысты нығайтуға әрі педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға сүбелі үлес қосады деп күтілуде.