Өзбекстанға шетелден ақша аударымдарының көлемі артып келеді
Өзбекстан Республикасының Орталық банкі халықаралық көші-қон және жеке тұлғалардың валюталық операциялары туралы талдамалық шолу жариялады. Құжатта жаһандық экономикалық үдерістер аясында еңбек көші-қоны, трансшекаралық ақша аударымдары және валюта нарығындағы негізгі үрдістер жан-жақты сараланған.
Соңғы жылдары жаһандық экономикалық интеграцияның күшеюі, трансшекаралық еңбек нарықтарының ашылуы және цифрлық қаржылық инфрақұрылымның дамуы нәтижесінде халықаралық көші-қон әлемдік экономиканың маңызды құрамдас бөлігіне айналды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының деректеріне сәйкес, 2024 жылы әлем бойынша халықаралық мигранттар саны 304 миллион адамға жетіп, бұл жаһан халқының 3,7 пайызын құраған. Ал Дүниежүзілік банк есептеріне қарағанда, сол жылы халықаралық ақша аударымдарының көлемі шамамен 900 миллиард АҚШ долларына жеткен.

Ақша аударымдары, әсіресе, табысы төмен және орташа деңгейдегі елдер үшін маңызды қаржылық ресурс саналады. Олар экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде елеулі рөл атқарып, дағдарыс кезеңдерінде халықтың табысын қолдауға және ішкі нарықтағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
2025 жылы Өзбекстанға шетелден келіп түскен ақша аударымдарының жалпы көлемі 18,9 миллиард АҚШ долларын құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 28 пайызға артқан.
Негізгі қаржы ағындары дәстүрлі түрде Ресей, Қазақстан, Оңтүстік Корея және Түркиядан түсіп отыр. Сонымен қатар соңғы жылдары Еуропалық Одақ елдері, АҚШ және Ұлыбританиядан келетін аударымдардың көлемі де айтарлықтай ұлғайған. Бұл еңбек көші-қоны географиясының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

Атап айтқанда, 2025 жылы Ұлыбританиядан келген ақша аударымдары 39 пайызға, Еуропа елдерінен 37 пайызға, ал АҚШ пен Оңтүстік Кореядан 15 пайызға өскен.
Талдауларға сәйкес, 2025 жылы Өзбекстанға келген ақша аударымдарының 52 пайызы дәстүрлі жүйелер арқылы жүзеге асырылған. Сонымен қатар банк карталары арқылы тікелей жүргізілген P2P аударымдарының үлесі 46 пайызға жеткен.
Орталық банктің талдауы көрсеткендей, халықаралық еңбек көші-қоны мен ақша аударымдары Өзбекстан экономикасы үшін маңызды қаржылық ресурс болып қала бермек. Ал цифрлық технологиялардың енгізілуі бұл үдерістердің тиімділігі мен жеделдігін арттыра түсуде. Алдағы уақытта көші-қон географиясының кеңеюі және цифрлық төлемдер үлесінің өсуі елдің экономикалық тұрақтылығын нығайтудың маңызды факторларының бірі болмақ.