Азия даму банкі: Өзбекстан экономикасы тұрақты өсім көрсетіп отыр
Азия даму банкінің болжамы бойнша Өзбекстан экономикасы алдағы екі жылда тұрақты қарқынын сақтайды.
Банктің 2026 жылғы сәуірде жарияланған «Азия даму мүмкіндіктері» (ADO) қорытындысына сәйкес, Өзбекстанның жалпы ішкі өнімі 2026 жылы 6,7 пайызға, ал 2027 жылы 6,8 пайызға өседі деп күтіліп отыр.
Мәліметке қарағанда, мұндай болжам 2026 жылғы 10 наурыздағы жағдай бойынша қалыптастырылған және Таяу Шығыстағы ахуалдың тұрақтану ықтималдығы мен сыртқы белгісіздіктер ескерілген.
Онда айтылуынша, 2025 жылы Өзбекстан экономикасы күтілгеннен жоғары өсім көрсеткен. Негізгі барлық салалардағы оң көрсеткіштердің нәтижесінде экономикалық өсім 7,7 пайызды құраған.
Қызмет көрсету саласы экономикалық өсімнің басты драйверіне айналды. Бұл сектор 14,7 пайызға өсіп, сауда, логистика, цифрлық қызметтер мен туризмнің дамуы маңызды рөл атқарды.
Өнеркәсіп саласында да тұрақты өсім байқалды: құрылыс секторын есептемегенде өнеркәсіп өндірісі 6,8 пайызға артқан. Ал құрылыс саласында тұрғын үй және инфрақұрылымдық жобаларға салынған инвестициялар есебінен 14,2 пайыздық өсім тіркелген. Ауыл шаруашылығы саласы өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығындағы тұрақты дамудың арқасында 4,4 пайызға ұлғайған.
Азия даму банкінің Өзбекстандағы тұрақты өкілдігінің директоры Канокпан Лао-Араяның айтуынша, ел экономикасы тұрақты ішкі сұраныс, жоғары инвестициялар және жүйелі құрылымдық реформалар есебінен берік позициясын сақтап отыр. Оның пікірінше, алдағы кезеңде жеке секторға негізделген тиімді өсімге көшу маңызды міндет болып қала береді.
Ақпаратқа сәйкес, 2025 жылы ішкі сұраныс экономикалық өсімнің негізгі факторы болған. Халықтың нақты табыстары 9,2 пайызға, ал инвестициялар көлемі 10,5 пайызға өскен.
Сонымен қатар, инфляция деңгейі де төмендеген. Атап айтқанда, 2024 жылы 9,8 пайыз болған инфляция 2025 жылы 7,3 пайызға дейін азайған.
Азия даму банкінің болжамына сәйкес, инфляцияның төмендеуі жалғасады. 2026 жылы инфляция 6,5 пайызды құрап, 2027 жылға қарай Орталық банктің 5 пайыздық мақсатты көрсеткішіне жақындайды деп күтіліп отыр.
Банк мәліметінше, бюджет тапшылығының да қысқарғаны айтылған. Әлеуметтік шығыстар сақталған жағдайда бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,1 пайызға дейін азайған. Экспорт, туризм кірістері және ақша аударымдарының өсуі сыртқы экономикалық тұрақтылықты нығайтып отыр.
Сондай-ақ, мемлекеттік кәсіпорындарды реформалау және Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке кіру экономиканы одан әрі трансформациялаудың маңызды бағыттары ретінде атап өтілген. Бұл үдерістер бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, инвестициялар тартуға және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге ықпал ететіні айтылған.