Өзбекстан облигациялары әлемдік нарыққа 12,25 пайыз мөлшерлемемен шықты
2026 жылғы 1 сәуірде Өзбекстан Республикасы халықаралық қаржы нарықтарына ұлттық валютада жалпы көлемі 1 млрд АҚШ долларына тең егемен облигацияларды 12,25 пайыздық мөлшерлемемен орналастырды.
Бұл туралы Экономика және қаржы министрлігі хабарлады.
Министрлік дерегінше, аталған көрсеткіш соңғы жылдардағы ең төмен деңгей ретінде бағаланып отыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы 3 трлн сум көлеміндегі облигациялар 16,625 пайызбен, ал 2025 жылы 6 трлн сумдық шығарылым 15,5 пайыздық мөлшерлемемен орналастырылған еді.
Жаһандық аудиоконференция аясында АҚШ, Еуропа, Ұлыбритания, Азия және Таяу Шығыстан келген 32 ірі инвестордың қатысуымен Өзбекстанның макроэкономикалық көрсеткіштері мен «Өзбекстан–2030» стратегиясы таныстырылды.
Халықаралық инвесторлар тарапынан ұлттық валютадағы облигацияларға жоғары қызығушылық байқалды. Сол күні-ақ шамамен 50 инвестордан жалпы көлемі 23,4 трлн сум болатын өтінімдер келіп түскен, бұл жарияланған көлемнен төрт есе көп.
Нәтижесінде 3 жылдық облигациялар 12,25 пайыздық мөлшерлемемен орналастырылды. Бұл көрсеткіш ішкі нарықтағы орташа ставкалардан 14 базистік пунктке төмен.
Сонымен қатар, бұл орналастыру Орталық және Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс пен Африка өңірлерінде соңғы 15 жылдағы ұлттық валютадағы ең ірі мәміле ретінде тіркелген.
Осы орайда айта кеткен жөн, аталған индекс аясында шамамен 300 млрд доллар көлеміндегі активтер басқарылып отыр. Ал тартылған қаражат 2026 жылғы мемлекеттік бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталмақ.
Сонымен қатар, облигацияларды «GBI-EM» (The Government Bond – Emerging Market Index) индексіне енгізу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жаңа инвесторларды тартуға және алдағы уақытта пайыздық мөлшерлемелерді одан әрі төмендетуге мүмкіндік береді.