ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерінің отырысы өтті
Бішкек қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерінің отырысы өтті.
Іс-шараға ШЫҰ-ға мүше елдердің ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрліктерінің делегациялары, сондай-ақ ұйымның тұрақты органдары, Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) және ТМД аумағындағы ұйымдасқан қылмыс пен өзге де қауіпті қылмыстарға қарсы күресті үйлестіру бюросының өкілдері қатысты.

Іс-шара аясында делегация жетекшілерін Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қабылдады. Кездесу барысында халықаралық қатынастар жүйесі түбегейлі өзгеріп, жаһандық тұрақтылық күрделі сын-қатерлерге тап болып отырған кезеңде ШЫҰ өз беріктігін сақтап, өзара сенім мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін сенімді алаң ретінде қызмет етіп отырғаны атап өтілді.
Тараптар цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты мәселелер жөнінде жан-жақты пікір алмасты. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және киберкеңістіктегі қауіп-қатерлерге қарсы тиімді ынтымақтастықты күшейтудің маңызы ерекше екені айтылды.

Министрлер отырысында халықаралық және өңірлік қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелер талқыланып, құқық қорғау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, трансұлттық қылмысқа қарсы күрес, қауіпсіздікке қатер төндіретін заманауи факторлардың алдын алу және үйлестірілген шараларды күшейту мәселелеріне баса назар аударылды.
Сондай-ақ есірткі құралдары, психотроптық заттар және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы бірлескен іс-қимылдарды жетілдіру мәселесі қаралды.

Қатысушылар синтетикалық есірткі өндірісі мен таралуына қарсы күрестің тиімділігін арттыру, осы бағыттағы ақпарат алмасу мен жедел ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті.
Киберқылмысқа қарсы тиімді шаралар әзірлеу, жасанды интеллект технологиялары арқылы жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу және оларға қарсы күрес саласындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейту маңызды екені айтылды.
Іс-шара соңында қол жеткізілген келісімдерді бекіту және олардың практикалық орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған хаттамаға қол қойылды.
***
Айта кетейік, осынау іс-шара аясында Өзбекстан Республикасының Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Азиз Ташпулатов пен Пәкістан Ислам Республикасының Ішкі істер және есірткімен күрес жөніндегі федералдық министрі Саййид Мухсин Риза Нақви арасында екіжақты кездесу өтті.

Тараптар қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, әсіресе трансшекаралық қылмыстарға қарсы іс-қимылды үйлестіруге ерекше назар аударды.
Кездесу барысында заманауи қауіп-қатерлерге қарсы тиімді шаралар қабылдау, ақпараттық технологиялар арқылы жасалатын қылмыстармен күрес жөнінде тәжірибе алмасудың маңызы айтылды.
Сонымен қатар терроризм, экстремизм және есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күрес бағытындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейту қажеттігі атап өтілді.
Тараптар қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, ақпарат пен озық тәжірибе алмасуды жандандыру екі ел үшін де маңызды екеніне тоқталды.
Достық және шынайы рұхта өткен кездесуде ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерудің басым бағыттары айқындалды.