Өзбекстан мен Ресей басшылары екіжақты қатынастардың өзекті мәселелерін талқылады
Санкт-Петербург қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің кездесуі өтті.
Кездесу барысында Өзбекстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарын одан әрі кеңейту және нығайту мәселелері қаралды.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Жыл басынан бері тауар айналымының көлемі 20 пайызға артқан.
Өнеркәсіп, энергетика, металлургия, көлік, химия өнеркәсібі және экономиканың басқа да басым салаларында ірі жобаларды жүзеге асыру жалғасып жатқаны айтылды.

Тауар айналымындағы қазіргі қарқынды сақтап қалу, кооперациялық жобаларды жеделдету және өңіраралық белсенді байланыстарды жалғастырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық алмасуларды одан әрі кеңейтуге айрықша назар аударылды. Осы күндері Мариин театры сахнасында Георг Фридрих Гендельдің «Тамерлано» операсының премьерасы өткендігі және «Эрмитаж» мемлекеттік музейінде Өзбекстанның қолданбалы өнер көрмесі ашылғаны айтылды.

Кездесу соңында екі ел басшылары алдағы іс-шаралар жоспарын да талқылады.