Молдова ТМД құрамынан шығу үдерісін бастады
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқару комитеті Молдованың ұйым аясындағы негізгі келісімдерден шығу жөніндегі өтінішін қабылдады. Сонымен қатар Кишинёв экономикалық ынтымақтастық тетіктерін сақтап қалуға ниетті екенін білдірген.
Бұл туралы ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев мәлімдеді.
Молдова ТМД құрамынан шығу ниетін биыл сәуір айында жариялаған болатын. Енді басталған бұл үдеріс бір жылға созылады.
Ел өкілдері 2022 жылдан бері ТМД аясындағы іс-шараларға қатыспай келеді. Ал 2023 жылы Молдова ұлттық саясат пен заңнаманы еуропалық стандарттарға бейімдеу мақсатында ұйыммен жасалған шамамен 70 келісімнің күшін жойған.