Мемлекет басшысы мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруді тапсырды
Президент Шавкат Мирзиёев мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы бюрократияны қысқартуға бағытталған шаралар жөніндегі тұсаукесермен танысты.
Кейінгі жылдары елімізде мемлекеттік қызметтерді халық пен кәсіпкерлер үшін қолжетімді, жедел әрі ашық ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мемлекеттік қызметтер көлемі 10 есе өсіп, 61 миллионнан асты. Олардың 80 пайызы онлайн форматта ұсынылуып отыр. 2025 жылдың өзінде кәсіпкерлікке қатысты 2 мыңнан астам міндетті талап жойылды.
Сонымен қатар салада артық рәсімдер, қағазбастылық және қайталанатын талаптар әлі де сақталып отыр. Қазіргі таңда мемлекеттік органдарда 5 650 функция, бизнесті реттейтін 42 мыңнан астам міндетті талап және 1 041 мемлекеттік қызмет бар.

– Мұндай көп функция мен талаптар жүйені тиімсіз, қымбат әрі кейде әділетсіз етуі мүмкін. Сондықтан дерегуляция, цифрландыру және жеңілдету – ең дұрыс жол, – деді Мемлекет басшысы.
Өзбекстанды 2030 жылға қарай «қажетсіз талаптардан тазартылған аймаққа» айналдыру мақсатында Біріккен Араб Әмірліктерімен бірлесіп «Бюрократияны жою – 2030» бағдарламасы іске қосылған. Стратегиялық даму және реформалар агенттігі жанынан арнайы жоба кеңсесі құрылған.
Бағдарлама аясында мемлекеттік органдар функцияларын 30 пайызға қысқарту, бизнеске қойылатын талаптарды 20 пайызға дейін оңтайландыру және электрондық мемлекеттік қызметтердің үлесін 90 пайыздан асыру көзделген.

Таныстырылымда мемлекеттік қызметтерді «сервистік мемлекет» моделі негізінде түбегейлі жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қаралды. Бұл ретте негізгі басымдық қызметтерді артық құжат талап етпей, жедел, ашық әрі қолайлы форматта ұсынуға беріледі.
Атап айтқанда, 783 мемлекеттік қызметке «нөл бюрократия» қағидатын енгізу ұсынылды. Бұл арқылы 550 қызмет электрондық форматқа көшіріліп, қызмет көрсету кезеңдері екі есеге қысқарады. 80 қызмет проактивті және композиттік форматқа ауыстырылады. Нәтижесінде азаматтардың түрлі мекемелерге баруына жұмсалатын жыл сайынғы 35 миллиард сумға дейінгі көлік шығындары үнемделеді.
Сонымен қатар, тағы 80 қызметтің көрсетілу мерзімі 2–3 есеге қысқартылып, орташа мерзім 13 күннен 6 күнге дейін төмендетіледі. 10 қызмет толық автоматтандырылады. Ал 25 қызмет бойынша төлемдердің азаюы нәтижесінде халықтың қарамағында жыл сайын 851 миллиард сумға дейін қаражат сақталып қалады.

Сонымен қатар, 10 қызметті жеке секторға беру, 15 түрлі мәлімет пен құжатты цифрландыру көзделіп отыр. Бұл шаралар нәтижесінде 270-тен астам қызмет түрі бойынша осы мәліметтер мен құжаттарды қайта талап ету тәжірибесі жойылады.
Міндетті талаптарды қайта қарау мәселесіне ерекше назар аударылды. Мәселен, базарлар қызметіне қатысты 20-ға жуық құжатта 500-ден астам талап шашыраңқы түрде қамтылған. Оларды жүйелеу арқылы талаптардың 30 пайыздан астамын оңтайландыруға болатыны атап өтілді.
Санитариялық талаптарға сәйкестік актісі мен тексеруден өтетін қызметкерлер тізімін электронды жүйе арқылы қалыптастыру мүмкіндігі де көрсетілді. Бұл арқылы жыл сайын 1 миллиард сумға жуық бюджет қаражатын үнемдеуге, сондай-ақ қызметкерлердің 24 мың жұмыс сағатын нақты өндірістік қызметке бағыттауға мүмкіндік туады.
Есептеулерге сәйкес, әкімшілік жүктемені қысқарту экономикаға жыл сайын тікелей 1,5 миллиард доллар көлемінде тиімділік әкеледі. Реттеу сапасын жақсарту қосымша 800 миллион доллар шетелдік инвестиция тартуға ықпал етеді. Ал мемлекет пен бизнес арасындағы процестерді жеңілдету есебінен еңбек өнімділігі жыл сайын 750 миллион долларға артады. Жалпы алғанда, бюрократияны қысқарту шаралары 2026–2030 жылдары экономика өсімін қосымша 13 миллиард долларға ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Таныстырылым барысында «reestr.gov.uz» бірыңғай платформасы арқылы мемлекеттік функциялар, міндетті талаптар және мемлекеттік қызметтер тізілімін жүргізу, мемлекеттік органдар қызметін «Bureaucracy radar» жүйесі негізінде бағалау, жасанды интеллект көмегімен талдау жүргізу және «Бизнес калькулятор» арқылы кәсіпкерлердің шығындарын есептеу жүйесін енгізу ұсынылды.
Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметтердің сапасы азаматтардың әл-ауқатымен, кәсіпкерлер үшін қолайлы орта және мемлекеттік басқарудың тиімділігімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Осыған байланысты әрбір министрлік пен ведомство өз функцияларын қайта қарап, артық талаптар мен құжаттарды қысқартып, қызметтерді цифрландыруды жеделдетуі қажеттігі айтылды.
Жауапты тұлғаларға бюрократияны қысқарту жөніндегі тиісті шешім жобасын әзірлеу тапсырылып, онда әрбір министрлік пен ведомство деңгейінде цифрландыру, мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және жеке сектор үлесін арттыру бойынша нақты жоспарлар белгілеу жүктелді.
Сонымен қатар, саладағы озық тәжірибелерді кеңінен тарату және барлық мемлекеттік органдар қызметіне «нөл бюрократия» қағидатын жүйелі түрде енгізу бойынша нақты тапсырмалар берілді.