Өзбекстанда әрбір 100 отбасының 61-де жеке автокөлік бар
Ұлттық статистика комитеті жариялаған дерек бойынша Өзбекстандағы әрбір 100 отбасының 61-де жеке автокөлік бар.
Атап айтқанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде әр 100 үй шаруашылығына орта есеппен 61 жеңіл автокөліктен келеді. Бұл көрсеткішті өткен жылдармен салыстырғанда, өсім қарқынының жоғары екенін байқауға болады.
Мәселен, 2010 жылы әр 100 отбасыға небәрі 21 автокөлік тиесілі болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш екі есеге жуық артып, 42-ге жеткен. Ал 2020 жылғы 49 автокөлік деңгейі бүгінде одан әрі ұлғайған.
Мұндай өсім көлік құралдарының кеңінен қолжетімді бола бастағанын ғана емес, сонымен қатар автокөліктің сән-салтанаттан күнделікті қажеттілікке айналғанын көрсетеді.
Жалпы, статистика деректері өзбекстандықтардың автокөлікке деген сұранысы мен сатып алу мүмкіндігі жыл сайын тұрақты түрде артып келе жатқанын айғақтайды.