Өзбекстанда автокөлік құралдарының саны 5 миллионға жуықтады
Бүгінде Өзбекстанда халықтың жеке көлік құралдарына деген сұранысы айтарлықтай артып келеді. Экономикалық белсенділіктің кеңеюі, қала мен ауыл арасындағы қатынастың жиілеуі, сондай-ақ тұрғындардың тұрмыс деңгейінің жақсаруы нәтижесінде автокөлік құралдарының саны жыл сайын көбейіп отыр.
Бүгінде автокөлік тек қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар отбасылық жайлылықты қамтамасыз етудің, кәсіпкерлік қызметті жүргізудің және күнделікті қажеттіліктерді өтеудің маңызды тетігіне айналды.
ӨР Ұлттық статистика комитетінің соңғы мәліметтеріне назар аударсақ, елдегі автомобилизация үдерісінің қарқынды жүріп жатқанын көрсетеді. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Өзбекстанда жеке тұлғалардың атына тіркелген автокөлік құралдарының саны 4 миллион 903,1 мыңға жеткен. Бұл көрсеткіш халықтың жеке көлікке деген қажеттілігі мен мүмкіндігінің артып келе жатқанын аңғартады.
Талдауларға сәйкес, бір жыл ішінде тұрғындарға тиесілі автокөлік құралдарының саны 344,6 мыңға көбейген. Бұл елдегі автомобиль нарығының жанданып келе жатқанын, сондай-ақ халық табысының өсуі мен көлік инфрақұрылымының дамуының белгісі.
Тіркелген көлік құралдарының басым бөлігін жеңіл автомобильдер құрайды. Олардың үлесі барлық көлік құралдарының 92,8 пайызына тең. Қазіргі таңда халық иелігінде 4 миллион 552,3 мың жеңіл автокөлік бар.
Қалған көлік құралдары мынадай: жүк көліктері – 330,3 мың, шағын автобустар – 7,5 мың, арнайы техника – 7,2 мың, ал автобустар саны 5,8 мыңды құрайды. Бұл көрсеткіштер халық арасында жеке мақсатта пайдаланылатын жеңіл көліктерге сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Мамандардың пікірінше, көлік құралдары санының артуы халықтың мобильдігін қамтамасыз етіп, экономикалық белсенділікті күшейтуге және өңіраралық байланыстарды жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар автокөліктер санының көбеюі жол инфрақұрылымын жетілдіру, жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту және экологиялық мәселелердің алдын алу сияқты міндеттердің өзектілігін арттыруда.
Әсіресе ірі қалаларда көлік ағынының жылдан-жылға артуы жаңа жолдар салу, қоғамдық көлікті дамыту және заманауи көлік басқару жүйелерін енгізу қажеттігін көрсетіп отыр.