Өзбекстан – Қытай бірлескен стартап және инновациялар орталығы құрылмақ
Өзбекстан мен Қытай арасындағы сенімді диалог инновация мен білім беру саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге берік негіз қалыптастырып отыр. Әсіресе, стартап экожүйесін дамыту мәселесінің маңызы арта түсуде.
Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрінің орынбасары Өктам Саломов бастаған делегация Қытай Халық Республикасында «HICOOL» жаһандық инновациялар және кәсіпкерлік экожүйесі басшылығымен ресми кездесу өткізді.
Кездесу барысында «HICOOL» үлгісі негізінде бірлескен инкубация және акселерация бағдарламаларын іске қосу, Өзбекстан – Қытай бірлескен стартап және инновациялар орталығын құру, сондай-ақ перспективалы жобаларды қолдау мақсатында арнайы венчурлік қор қалыптастыру жөнінде келісімдерге қол жеткізілді.
Айта кетейік, «HICOOL» платформасы 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытқа дейін ол әлемнің 167 елінен 34 мыңнан астам стартапты біріктіріп, жоба аясында жалпы көлемі 7,4 миллиард АҚШ долларына тең инвестиция тартылған.
Кездесу соңында қытайлық әріптестер «InnoWeek.Uz – 2026» халықаралық инновациялық идеялар апталығына қатысуға шақырылды.