2026 жылдың 1 наурызынан бастап Өзбекстанда бірқатар дәрі-дәрмектің бағасы 40–60 пайызға арзандайды. Ал 1 шілдеден бастап тағы 4 мыңға жуық атаудағы дәрілік заттың бағасын төмендету жоспарланып отыр.
Бұл туралы Фармацевтика саласын дамыту агенттігінің ақпарат қызметінің басшысы Анвархан Акабиров мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жылы республикада жалпы құны 136 миллион АҚШ долларын құрайтын 48 жаңа жоба іске қосылып, 2441 жаңа жұмыс орны ашылған. Жобалар аясында 392 миллион доллар инвестиция игерілген, оның 92 пайызы — шетелдік инвестициялар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есеге көп.
Өңірлерде жалпы құны 878 миллион доллар болатын 39 жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде «Tashkent Pharma Park» фармацевтикалық кластерінде 407 миллион долларлық 13 жоба орналастырылған.
Қазіргі таңда фармацевтикалық кластердегі жобалар саны 32-ге жетіп, олардың жалпы құны 981 миллион долларды құрап отыр. Оның ішінде 1 жоба іске қосылған, 20 жобада құрылыс, 11 жобада жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Республикадағы фармацевтикалық еркін экономикалық аймақтарда құны 9,4 миллион доллар болатын 5 жоба пайдалануға беріліп, қосымша 98,9 миллион долларлық 17 инвестициялық жоба орналастырылды.
Сала кәсіпорындары тарапынан 7,3 триллион сум көлемінде өнім өндірілді. Бұл өндіріс көлемінің сандық көрсеткіші бойынша 128 пайызға, ал құндық тұрғыда 1,5 есеге артқанын көрсетеді.
46 жергілікті кәсіпорын импортты алмастыру мақсатында 639 түрлі дәрілік заттың өндірісін жолға қойды. Бұл көрсеткіш алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 2,7 есеге өскен.
Жалпы өндірілетін дәрілік атаулар саны 6400-ден асты. Ал жергіліктендіру бағдарламасы аясында 1,4 триллион сум көлемінде өнім өндіріліп, 1,9 есе өсім тіркелді.
Экспорт көлемі 220 миллион АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 125 пайызға артты. Экспортталатын елдер саны 55-ке жеткен. Атап айтқанда, экспорт көлемі БАӘ-ге, Ауғанстанға, Польшаға — 4 есе, АҚШ-қа — 8 есеге дейін ұлғайды.
Жаңа инвестициялық жобаларды тарту мақсатында 700-ден астам шетелдік компаниямен келіссөздер жүргізілген.
Сонымен қатар, бағасы жасанды түрде көтерілген 2 мың атаудағы импорттық дәрілік заттың референттік бағалары қайта белгіленді.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын арттыру және әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында 19 нормативтік-құқықтық құжат қабылданды.
Отандық «Ромфарм НС» кәсіпорны құны 20 миллион долларды құрайтын 130 түрлі импорттық дәрілік затты технологиялар трансфері негізінде өндіру бойынша 10 келісімшарт жасасты.
Сондай-ақ 2025 жылдың қазан айында Германияда өткен «CPHI Frankfurt 2025» халықаралық көрмесі аясында технологиялар трансфері бойынша 20 халықаралық келісімге қол қойылды.
Фармацевтикалық инспекцияларды жүргізу тәртібі PIC/S халықаралық ұйымының талаптарына сәйкес қайта қаралуда. 2025 жылдың желтоқсанында Өзбекстанның аталған ұйымға мүшелікке өтуі үшін ресми өтінім тапсырылды.
Қазіргі таңда ұйым құрамында 50-ден астам мемлекет, оның ішінде АҚШ, Еуропалық Одақ елдері, Жапония және Оңтүстік Корея бар.