«Узатом» делегациясы Минскіде Беларусь тарапымен жұмыс кездесуін өткізді
«Узатом» агенттігі делегациясының Минскіге сапары аясында Беларусь тарапымен бірқатар жұмыс кездесуі өтті.
Агенттіктің ақпарат қызметінің мәліметінше, келіссөздер барысында Өзбекстанда атом электр станциясын салу жобасы шеңберінде кадр даярлау және өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мәселелері талқыланды.
Алдымен делегация Минск мемлекеттік энергетика колледжінің директоры Александр Новиковпен ұйымдастырылған кездесуге қатысып, онда Жызақ политехникалық институтының базасында орта буын мамандарын даярлау орталығын құру, сондай-ақ электр монтаждаушыларды, дәнекерлеушілерді және басқа да техникалық мамандарды оқыту мүмкіндіктері қарастырды. Жарты ғасырдан астам тәжірибесі бар колледж осы уақытқа дейін 20 мыңнан астам маман даярлаған. Сонау 2009 жылдан бері Беларусь атом электр станциясына да кадрлар әзірлеп келеді.
Кездесуде Беларусьтің маман даярлау тәжірибесін Өзбекстандағы атом энергетикасы жобасының қажеттіліктерімен ұштастыруға ерекше назар аударылды. Бұл ретте білім беру үдерісін өндіріспен байланыстырып, практикалық дағдыларды дамыту арқылы атом электр станциясын салу және пайдалану үшін қажетті мамандар даярлау көзделіп отыр.

Сондай-ақ «Узатом» делегациясы «Беллегпром» концернінің төрайымы Надежда Лазаревичпен және кәсіпорын басшылығымен кездесті. Келіссөздер барысында атом электр станциясын салу жобасы аясында өнеркәсіптік кооперация орнату мүмкіндіктері талқыланды. Өнімдерін әлемнің 60-тан астам еліне жеткізетін концерн Өзбекстандағы маңызды жобаларды жүзеге асыруға атсалысуға дайын екенін білдірді.
Айта кетейік, осынау кездесулер Өзбекстан мен Беларусь арасындағы атом энергетикасы саласына білікті кадрлар даярлау және өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөніндегі ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Бұл бағыттар Өзбекстандағы атом энергетикасы жобасын қажетті мамандармен қамтамасыз етуге және екі мемлекет арасындағы әріптестікті нығайтуға маңызды үлес қоспақ.