Өзбекстанда алғаш рет халықаралық ислам форумы өтеді
7–11 шілде аралығында Ташкент пен Самарқанд қалаларында «Ислам өркениеті: бейбітшілік, толеранттылық және ағартушылық жолы» атты алғашқы халықаралық ислам форумы өтеді.
«Dunyo» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, атаулы іс-шараны Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығы мен Ислам әлемі білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ICESCO) бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Форум ислам әлемі өкілдері бас қосатын халықаралық пікір алмасу алаңына айналады. Оған түрлі елдердің жетекші ғалымдары, рухани көшбасшылары, халықаралық ұйымдардың басшылары, университеттер, музейлер, кітапханалар және гуманитарлық институттардың өкілдері қатысады.
Жиын барысында ислам өркениетінің әлемдік ғылымның, білімнің, мәдениеттің, философияның, өнердің және рухани мұраның дамуына қосқан үлесі, сондай-ақ өркениетаралық ынтымақтастық пен өзара түсіністікті нығайту мәселелері талқыланады.
Форум бағдарламасына пленарлық отырыстар, халықаралық ғылыми конференциялар, әлемнің жетекші ғалымдары мен дін қайраткерлерімен кездесулер, Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығы мен Самарқандтағы Имам Бұхари мемориалдық кешеніне сапар шегу, ислам өнері, көркем жазу және қолжазба мұрасына арналған көрме ұйымдастыру, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз брифинг енгізілген.
Айта кетейік, форум ислам өркениетінің мәдени және ғылыми мұрасын сақтау мен кеңінен насихаттауға бағытталған ауқымды жұмыстар аясында ұйымдастырылып отыр. Биыл наурыз айында Ташкент қаласында ислам әлеміндегі ең ірі гуманитарлық әрі ағартушылық жобалардың бірі саналатын Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығы көпшілік қауымға өз есігін ашып, қызметін жолға қойған болатын.
Форум ислам өркениетінің бай ғылыми-рухани мұрасын дәріптеп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды жаһандық алаңдардың біріне айналмақ.