Термезде «Сұрхандария – Қытай» халықаралық форумы өтеді
Биыл 14–16 тамыз күндері «Термез халықаралық сауда орталығы» еркін сауда аймағында алғаш рет «Сұрхандария – Қытай» инвестициялық форумы өтеді.
Мыңнан астам шетелдік және жергілікті кәсіпкер қатысады деп күтіліп отырған форумға Қытайдың 289 компаниясының өкілдері қатысады. Сонымен қатар, жиынға көршілес Ауғанстаннан 50-ден астам кәсіпкер шақырылған.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, форум аясында Қытай компанияларымен бірлесіп жүзеге асыруға болатын перспективалы инвестициялық жобалар тізімі қалыптастырылған. Жалпы құны 1,2 миллиард доллар болатын 10 инвестициялық және туристік жоба бойынша келісімдерге қол жеткізу жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, «Сариосиё» ауданында «Sinosteel Equipment Co., Ltd.» компаниясымен бірлесіп көмірді химиялық өңдеу, «Термез» ауданында «Qingdao Wanlinkang Healthcare Industry Group» компаниясының қатысуымен «Aquapark» туристік жобасын жүзеге асыру көзделген.
Сондай-ақ «Daqing Deep Aureus International Energy Development Co., Ltd.» компаниясымен мұнай-газ көздерін барлау және өндіру, энергетикалық жобаларды дамыту, ал «China Railway Construction Corporation Limited» компаниясымен ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бағыттарында ынтымақтастық орнату жоспарланған.
«Anhui Fengyuan Equipment Technology Co., Ltd.» компаниясымен Термез қаласында автомобиль жасау, робототехника және автоматтандыру, инновациялық технологиялар, қызмет көрсету және механикалық өңдеу бағыттарын қамтитын, Қытай тәжірибесі негізінде кәсіптік мектеп құру бойынша ынтымақтастық орнату көзделіп отыр.
Форум аясында «B2B», «B2G» және «G2G» форматтарында кездесулер де ұйымдастырылады.
Қонақтарға өңірдің тау-кен өнеркәскіндегі әлеуеті таныстырылады. Сонымен қатар «Made in Uzbekistan» көрмесіне, Хакім Термизи кешеніне, Фаязтепа және Қаратепа сынды буддалық ескерткіштерге, Термез археология музейіне баруға мүмкіндік жасалады.
Бұдан бөлек, қонақтар үшін ұлттық қолөнер және сурет өнері көрмелері, сондай-ақ басқа да мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.