Өзбекстан Президенті Халықаралық Аралды құтқару қорының отырысына қатысты
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 22 сәуір күні Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық еткен жиынға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан Президенті Сердар Бердымұхамедов және ХАҚҚ Атқару комитетінің төрағасы Асхат Оразбай да қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес, Қазақстанның 2023–2026 жылдары ХАҚҚ-ға төрағалығының нәтижелері қорытындыланып, Арал теңізі бассейніндегі экология, су ресурстарын басқару және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартудың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасылды.

Өзбекстан Президенті өз сөзінде Халықаралық Аралды құтқару қоры бірегей өңірлік құрылым ретінде қызмет етіп келе жатқанын атап өтіп, Орталық Азияда су тапшылығының артуына әсер етіп отырған климат өзгерісі мен су тұтынудың ұлғаюы жағдайында оның рөлі мен маңызы бұрынғыдан да арта түскенін жеткізді.
– Сарапшылардың бағалауынша, 2040 жылға қарай Арал теңізі бассейнінде су ресурстарының тапшылығы екі есеге жуық артып, жылына 20 миллиард текше метрге дейін жетуі мүмкін. Бұл ауыз су қамтамасыз ету, экология, аграрлық сектор, энергетика және әлеуметтік тұрақтылық үшін қосымша қауіп-қатерлер туғызады, – деді Шавкат Мирзиёев.
Осындай жағдайда өңір елдері су ресурстарын пайдалану тиімділігі бойынша ең төменгі орындардың бірін иеленіп отыр. Ауыл шаруашылығында бір доллар көлеміндегі қосылған құнды қалыптастыру үшін елдеріміз шамамен 3 текше метр су жұмсайды, ал әлемде бұл көрсеткіш орта есеппен екі есе төмен.

Мемлекет басшысы Өзбекстанда суды тиімді пайдалану деңгейін арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан шараларға жан-жақты тоқталды. Қысқа уақыт ішінде елдегі суармалы жерлердің 60 пайызында су үнемдеу технологиялары енгізіліп, ирригациялық желілерді бетондау деңгейі 40 пайызға жеткізілді. Сорғы станцияларын жаңғырту нәтижесінде су шаруашылығындағы энергия тұтыну шамамен 30 пайызға қысқартылды.
600 мыңнан астам су пайдаланушы мен 4 миллион гектардан астам суармалы жерді қамтитын бірыңғай цифрлық деректер базасы қалыптастырылып жатыр.
Осы жобалардың жүзеге асуы нәтижесінде жыл сайын 10 миллиард текше метрден астам су ресурсын үнемдеу қамтамасыз етіліп отыр. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 15 миллиард текше метрге жетеді.

Аталған шаралардың барлығы кешенді әрі жүйелі сипатқа ие болып, өткен жылы қабылданған Су кодексінде өз көрінісін тапқан.
Мемлекет басшысы Өзбекстан қорды өңірлік интеграцияның маңызды драйверлерінің біріне айналдыруды мақсат етіп отырғанын атап өтті. Осыған байланысты Өзбекстанның келесі жылдан басталатын ХАҚҚ-ға төрағалығы кезеңіндегі басым бағыттарға тоқталды.
Ең алдымен, қор қызметін дамыту және жаңғырту, оның құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру қажеттігі айтылды. Қор органдарының өкілеттіктерін кеңейту, олардың мәртебесі мен жауапкершілігін арттыру жөніндегі ұсыныстар қолдау тапты.

Қырғызстанның Халықаралық Аралды құтқару қоры қызметіне толыққанды қатысуы қайта қалпына келеді деген үміт білдірілді. Бұл қадам қордың теңгерімді әрі ұзақ мерзімді шешімдер қабылдауына оң ықпал ететіні атап өтілді.
Өзбекстан басшысы ХАҚҚ күн тәртібін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулерінде қабылданған шешімдермен үйлестіруге шақырды. Аталған кездесулер барысында жоғары деңгейде келісілген тұрақты дамудың басым бағыттары қордың салалық тетіктері арқылы да іс жүзінде жүзеге асырылуы мүмкін екені айтылды.
Қордың бағдарламалары мен жобаларының тиімділігін арттырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Осыған байланысты Арал теңізі бассейні бойынша төртінші бағдарламаның орындалуын мониторингтеу барысында тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін енгізу ұсынылды. Бұл оң өзгерістерді бақылауға, проблемалық тұстарды анықтауға және халықаралық серіктестерден қосымша қаржы мен техникалық көмек тартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, басым бағдарламаларды жүзеге асыру үшін қолда бар тиімді қаржыландыру тетіктерін пайдалану қажеттігі айтылды. Атап айтқанда, БҰҰ-ның Арал маңы өңіріне арналған Адам қауіпсіздігі жөніндегі көпсеріктесті траст қорының мандаты мен географиялық ауқымын бүкіл Арал теңізі бассейніне кеңейту мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
– Бұл барлық мемлекеттеріміздің аумағында өмірлік маңызды экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жобаларды жүзеге асыру үшін мақсатты инвестициялар бағыттауға мүмкіндік береді, – деді Шавкат Мирзиёев.
ХАҚҚ мен өзге де өңірлік құрылымдар арасында белсенді ынтымақтастық орнатудың өзектілігіне назар аударылды. Қор су-энергетика мәселелері, мұздықтар мен тау экожүйелерін сақтау, климат өзгерісіне бейімделу, шөлейттенуге қарсы күрес бағыттарында тиімді өңірлік платформалармен практикалық әріптестік орнатуы қажет екені айтылды. Оған мысал ретінде қордың Ташкенттегі Жасыл университет жанындағы Шөлейттенуге қарсы күрес орталығымен бірлесіп мақсатты жобаларды іске асыруы ұсынылды.

Өзбекстан Президенті халықтарымыздың суға тіршілік көзі ретінде ұқыпты қарау жөніндегі ғасырлар бойғы дәстүрлерін қайта жаңғырту қажеттігіне ерекше тоқталды.
– Көріп отырғанымыздай, егер қоғамның суға деген көзқарасы өзгермесе, ешқандай инженерлік шешімдер күтілген нәтижені бермейді. Үздіксіз білім беру жүйесі арқылы – мектепке дейінгі кезеңнен бастап мамандар даярлауға дейін – суды ұтымды пайдалануды әр адамның күнделікті әдетіне, ортақ мәдени кодымызға айналдыруға ұмтылуымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, негізгі бөлігі фермерлер мен өнеркәсіп өкілдерін су үнемдейтін заманауи технологияларды қолдануға тәжірибелік тұрғыда үйретуге бағытталған «Келешек суы» өңірлік бағдарламасын іске қосу ұсынылды.

Өзбекстан басшысы Ауғанстанмен конструктивті ынтымақтастықты нығайту және оны климат, экология, ауыл және су шаруашылығы мәселелері бойынша өңірлік ынтымақтастыққа тартудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінде Ауғанстанда жағалауларды бекіту және мелиорациялық жұмыстарды жүргізу үшін халықаралық донорлардың қаржылық ресурстарын тарту аса өзекті болып отыр.
Алдағы уақытта Арал теңізі алабына кіретін барлық мемлекеттердің, соның ішінде Ауғанстанның құқықтары мен міндеттерін ескере отырып, су ресурстарын бөлу жөніндегі өңірлік шарттық-құқықтық базаны қалыптастыру қажеттігі айтылды.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында 2026–2036 жылдарды «Орталық Азияда суды ұтымды пайдалану жөніндегі практикалық іс-қимылдар онжылдығы» деп жариялау және өңір елдерінде Су апталықтарын тұрақты түрде өткізу бастамаларының қолдау табатынына үміт білдірді.

Өзбекстан Президенті көрші елдер басшыларын осы жылдың қыркүйек айында Самарқанд қаласында өтетін суды үнемдеу жөніндегі Дүниежүзілік форумға тағы да шақырды.
ХАҚҚ отырысында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан басшылары да сөз сөйледі.
Іс-шара соңында көшбасшылар Астана декларациясын, Қазақстанның төрағалығының барысы туралы, 26 наурызды Халықаралық Арал теңізі, Әмудария және Сырдария күні деп жариялау туралы, сондай-ақ Өзбекстан басшысын 2027–2029 жылдары қор президенті етіп сайлау жөніндегі қаулыларға қол қойды.
